Шымкент қаласында қоғамдық жолаушылар көліктеріне бірыңғай жаңа үлгідегі электрондық валидаторлар орнатылатын болады. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте осылай деп мәлім етті.
Шымкент қаласының әкімдігі мен кореялық «Korea Smart cart» кәсіпорнының басшылары арасында қол қойылған екіжақты меморандумның нәтижесінде, еліміздің үшінші мегаполис қаласында осынау заманауи жүйе іс жүзінде жүзеге асырылатын болды. Баспасөз мәслихатында Шымкент қаласына арнайы келген кәсіпорын басшысы Ли Ми Хо аталмыш мәселе бойынша тілшілердің қойған сауалдарына толыққанды жауап берді. "Бұл салада корейлік мекеменің әлемдік аренадағы тәжірибесі мол. Алғашқыда Сеул мэрінің қолдауымен құрылған біздің кәсіпорын қазіргі таңда Маңғолия, Жаңа Зеландия, сол секілді Африканың бірқатар елдерінде табысты қызмет атқарып келеді. Біз Шымкентте алдағы бірнеше күнде қоғамдық жолаушылар тасымалының қызмет жүйесін саралап, зерделейтін боламыз. Қызмет сапасы көңілден шығып жатса, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап, автобустарға бірыңғай үлгідегі электрондық валидаторлар орнатылады", - деді Ли Ми Хо. Айта кетерлігі, электрондық валидаторлардың бірнеше тиімді тұсы бар. Яғни, қала тұрғындарының әрбіріне жеке төлем карталары берілетін болады. Осы арқылы жолаушылар өзі қалаған сомада карта есеп-шотын толтырып, қоғамдық көліктерде электрондық қызметті пайдаланбақ. Қаладағы автотранспорт қауымдастығы басшыларының ұсынуымен алдағы қалалық сессия мәжілісінде сәуір айынан бастап жолақы құнын 70 теңгеге көтеру мәселесі қойылмақ. Алайда, жолақы құны қымбаттағанмен студенттер үшін бастапқы баға қаз-қалпында сақталмақ. Сондай-ақ, бірінші топ мүгедектері мен Ұлы Отан Соғысының ардагерлеріне қоғамдық көлік қызметін тегін пайдалануына мүмкіндік беріледі. Жолкіресі өсуінің себебін жауапты мамандар қоғамдық көліктер үшін қосалқы бөлшектер құнының екі есеге дейін қымбаттап кетуімен байланыстырды. Бағаны көтеру арқылы қоғамдық көлік компанияларына автобустарды жаңалау талабы жалғасын табатын болады. Бұл ретте, аталмыш бөлім басшысы жоғарыда айтылған талапқа сәйкес, 2013 жылдан бері қалаішілік бағыттарда қатынайтын 500-ге жуық жаңа автобустың жеткізілгенін атап өтті. Алдағы уақытта шаһарда 400-дей қоғамдық көлік жаңалауды қажет ететіндігін жеткізді.Похожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024