Экономика
О.Жандосов: 2016 жылғы бюджеттегі мұнай бағасы өзгеріссіз қалуы мүмкін
2016 жылғы бюджетте бекітілген Brent маркалы мұнай бағасы сол күйінде қалуы мүмкін. Ұлттық банктың бұрынғы басшысы Ораз Жандосов осылай деп есептейді.
Ораз Жандосовтың атап өтуінше, ол теңге курсының еркін айналымға жіберілуін қолдайды. "Мен осыдан 15 жыл бұрын осындай ұстанымда болған едім. Әрине, еркін айналымдағы курс экономикалық саясаттың осы режимді қолдайтындай шараларға баруын талап етеді. Оның тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет",-деп атап өтті ол.
Оның есептеуінше, "теңгенің үлкен көлемде құлдырауы" өтіп кетті. "Теңге мұнай бағасының төмендеуіне байланысты. Осы мәселеге келгенде, тамызға қарағанда қазіргі жағдай біршама тұрақты. Бірақ әлі көптеген шара қолдануы қажет",-деді Ораз Жандосов. Сондай- ақ ол осы жылғы бюджетте есептелген мұнай бағасы туралы пікірімен де бөлісті.
"Қазір шикізатқа қатысты болжам айту қиындау. Бірақ біздің үкімет республикалық бюджетті бекіткендегі мұнай бағасы барреліне 40 доллар болады деген есеп орындалуы мүмкін. Бір жыл көлемінде баға динамикасының қалай болатындығын білмеймін, дегенмен қырыққа жақын болуы мүмкін. Алдағы уақытта баға белгіленімі өзгереді.Бірақ ең маңыздысы - орташа баға. Ақпан айында бюджетті қайта қарайды дегенді түсінбеймін, себебі ақпанда шикізаттың орташа бағасы туралы бірнәрсе айту қиындау", - деді сарапшы.
Айта кетейік, алдағы үш жылдық бюджет есебі 2015 жылдың қыркүйегінде есептеліп, мұнай бағасы 40 доллар, доллар курсы 250 теңге болады деп бекітілді. Ал өткен аптада қаржы министрі Бақыт Сұлтанов әлемдік мұнай бағасының күрт төмендеп кетуіне байланысты, бюджет қайта қаралатындығын мәлімдеді.
Фото:facebook.com