2016 жылдың 1 ақпанынан бастап Қырғызстан үкіметі азаматтардың долларлық несиелерін ұлттық валютаға айырбастау бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Tengrinews.kz хабарлайды.
Құжат әлі премьер-министрдің қарауында. Десе де, үкімет бұл идеяны қолдап отыр. Республикада жалпы сомасы 9 миллиард сомға (100 миллион доллар шамасында) ипотекалық несие берілген. Оның ішінде бюджет қызметкерлері мен әлеуметтік тұрмысы нашар тұрғындар 1 миллиард сомға қарыз алған. Үкіметтің айтуынша, несиелер тек бюджет қызметкерлеріне ғана емес, барлық қарыз алушыларға қайта саналады.
Қырғызстанның Ұлттық банкі Үкіметке долларлық несиелерді сомға ауыстыру жобасын қаржыландыратын көздер табу керек деп отыр. Бюджетте бұған қосымша қаржы қарастырылмаған.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың басынан бастап қырғыз валютасына қатысты доллар бағамы 58 сомнан 76,5 сомға немесе 28,9 пайызға өскен. Валюта бағамын ұстап тұру үшін Қырғызстанның Ұлттық банкі 2015 жылы жалпы сомасы 251,8 миллион долларға 25 интервенция жүргізген. Осы 2016 жыл басталғалы-ақ елдің бас банкі валюта нарығында 10 интервенция жүргізіп, 60 миллион доллардан астам қаражат сатқан.