Алматы. 7 қараша. 7kun.kz — Мемлекеттік кірістер комитетінде бизнеске салықтық рақымшылық жасау 2019 жылдың соңына дейін созылатындығын ескертті, сондықтан кәсіпкерлердің мемлекет алдындағы қарызын төлеуге әлі мүмкіндігі бар.
«Бүгінгі күні 41 820 кәсіпкерлік субъектілері 12,5 млрд теңге сомасында берешегі бар салықтық амнистияны қолданды. Оларға 4,0 млрд теңгеге өсім, сондай-ақ 291,2 млн теңгеге айыппұл салынды. Мемлекеттік қолдау мен борыштарды жою нәтижесінде салық төлеушілерге банк шоттары ашылып, мүлікке салынған шектеулер алынып тасталды, бұл кәсіпкерлік қызметті жалғастыруға мүмкіндік береді", - деді МКК төрағасының орынбасары Жайдар Инкербаев ОКҚ брифингінде.
2019 жылдың тамыз айынан бастап жеке тұлғаларға салықтық амнистия басталды. Қазақстандықтар өткен жылғы салық міндеттемелері бойынша негізгі борыш сомасын төлей алады және оларға есептелген өсімпұл есептен шығарылады.
"Әр түрлі себептермен жекелеген жеке тұлғалардың, мысалы, көлік құралдарына салынатын салық немесе жылжымайтын мүлікті сатуға байланысты есептелген жеке табыс салығы бойынша борыштардың көп сомасы бар. Бұл ретте жағдай Салық кодексіне сәйкес мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімақы есептелуімен қиындайды. Осыған байланысты алдыңғы салық кезеңдерінде жинақталған борыштары бар жеке тұлғалар салық амнистиясын пайдалана алады және осы жылдың соңына дейін негізгі борыш сомасын төлей алады. Бұл ретте есептелген өсімақы Мемлекеттік кірістер органдары автоматты түрде есептен шығарылады", - деп хабарлады МКК цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаменті директорының міндетін атқарушы Заңғар Шындали.
Қазіргі уақытта 1,9 млрд теңгеге 400 мыңнан астам азаматты өсімпұлы есептен шығарылды, олар 9,5 млрд теңгеге өз қарызын төледі. Салық төлеуші борыш сомасын Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында және электрондық үкімет порталында "Салық берешегінің болуы/болмауы туралы мәліметтер" сервисі арқылы біле алады.