Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Аптаның қаржы қорытындысы

Аптаның қаржы қорытындысы

Алматы. 3 маусым. 7kun.kz – Әр апта сайын еліміздің қаржы саласында маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті қаржы жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 30 мамыр - 3 мамыр аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 30 мамырда Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 336,49 теңге болды. Ақша айырбастау орындарында доллар 337 теңгеден сатылды.

ҚазТрансОйл акционерлерінің отырысында бір қарапайым акцияның бағасы 133 теңге болып бекітілді.

«ҚТО қағаздарынан ұзақ мерзімде табыс табуды жоспарлап жүрген инвесторларға жақын арада акциялар сатып алған жөн. 2016 жылдың қорытындысы бойынша қарапайым акцияның бағасы өткен жылмен салыстырғанда өсіп, 145 теңге болады. Яғни қағаздардың табыстылығы 28 пайызды құрайды», – дейді “Асыл-Инвест” атқарушы директоры Нұрлан Рақымбаев.

Сейсенбі, 31 мамырда Қазкоммерцбанктың бұрынғы басқарушы директоры Айгүл Жайлаубекова  Цеснабанк Директорлар кеңесінің 2016 жылдың 26 мамырындағы шешіміне сәйкес, банк төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Ал Қазкоммерцбанктің басқарушы директоры қызметіне Сергей Ельцов тағайындалды және 2016 жылғы 30 мамырдан бастап банктің басқарма құрамынан басқарушы директор Ален Шаяхметов шықты.

Finprom аналитикалық қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанның сыртқы қарызы 2010 – 2015 жылдар аралығында  35,2 млрд долларға өскен.

Қазақстанның ЖІӨ қатысты сыртқы қарызы фирмааралық берешекті ескермегенде – 38,7%, ал онымен есептегенде 83 пайызды құрайды. 2015 жылдың қортындысына сәйкес, сыртқы қарыз 153,5 млрд  долларды құраған. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 35,2 млрд долларға көп. Алайда берешектің 2010 – 2014 жылдар арасындағы үдемелі өсуі 2015 жылы сыртқы қарыз 4 млрд долларға азайғанда тоқтады.

Сейсенбі, 1 маусымда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өтемақы төлеуге қосымша келісімге қол қою мерзімін бір айға ұзартты.

2016 жылдың 31 мамырының операциялық күні аяқталғандағы жағдай бойынша, өтемақы төленуі тиіс 452 069 салымның 160 765 салымы бойынша қосымша келісімге қол қойылмаған.Осыған орай, Директорлар кеңесінің шешімімен, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін қосымша келісімге қол қою мерзімінің ұзартылғанын жариялады.

ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламенті Мәжілісінің кезекті пленарлық отырысында банктердің төлем қызметтерін көрсету тарифтері айқын бола түсетінін мәлімдеді. «Банктердің клиентті төлем операциясын жасағанға дейін комиссия мөлшерімен таныстыру міндеті, сондай-ақ шарттың талаптарын және тарифтерді ұлғаю жағына қарай біржақты тәртіппен өзгертуге тыйым салу енгізіледі», – деді Д. Ақышев.

Бейсенбі, 2 маусымда жанар-жағармайға бағалардың көтерілуіне байланысты монополияға қарсы шараларды қабылдау нәтижелері бойынша бәсекелестікті қорғау саласындағы бұзушылықтарға жүргізілген тексерулер негізінде «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС, «Гелиос» ЖШС және  «Sinooil» ЖШС  қатысты  әкімшілік іс қозғалып, 200 млн теңге көлемінде айыппұл төлейтіндері белгілі болды.

Осы жылдың 25 мамырындағы мәліметтер бойынша, қазақстандықтар ақшаны жария ету науқаны бойынша 859,1 млрд теңгеден жоғары қаражатты арнайы шотқа салған. Ақшаны жария етуге Алматы, Астана қалалары, Атырау, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстары халқының белсендірек қатысып жатқанын нақтылады.

Жұма, 3 маусымда «Bank RBK» АҚ Директорлар кеңесінің шешімі негізінде 789,5 мың қарапайым акцияны орналастыру есебінен жарғылық капиталын 7,9 млрд теңгеге өсірді. Жалпы ағымдағы жылдың басынан банктің жарғылық капиталы 1 326,5 мың қарапайым акция орналастыру есебінен 13,3 млрд теңгеге өсті.

Апта соңында америкалық валюта курсы 337,71 теңгені құрады. Ұлттық валюта курсы осы аптада 336-337 теңге деңгейінде құбылмалы болды. Ақша айырбастау орындарында 3 маусымдағы доллардың максималды курсы — 339 теңге.

Похожие материалы