Қазақстандық ұялы байланыс операторы Kcell мен Ericsson компаниясы 4G|LTE жүйесін іске қосты. Аталған ұялы байланыс операторының бұл желісі қазір Қазақстанның 13 қаласында қолжетімді. Жаңа жобаны таныстыру жиынына Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Сәкен Сәрсенов пен ұялы байланыс операторының өкілдері қатысты.
БАҚ үшін өткен жиынға келген Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Сәкен Сәрсенов 2015 жылы министрлік 4G/LTE үшін жиілік бөлу туралы шешім қабылдағанын және бөлінген жиілікті ұялы байланыс компанияларына сатқанын айтты. «Осы үшін 2016 жылдың соңына дейін олар 78 млрд теңге төлеуі қажет. Әзірге 32 млрд теңгесі төленді», - деді вице-министр. Одан бөлек, Сәкен Сәрсенов "Ақпаратты Қазақстан - 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында төрт жылдан кейін жалпы халықтың 75 пайызы Интернет желісін еркін пайдалана алу керек екенін айтты.
Kcell жыл басында 2 мыңға жуық абонентінен айрылған, одан бөлек 2016 жылдың 1-жартысында таза табысының көлемі 11,25 млрд теңгеге дейін азайған еді. «Ericsson компаниясымен серіктестік пен тың бастама кеткен абоненттердің орнын толтыратын қолданушылар әкеле ала ма?» деген сұрағымызға Kcell директоры Арти Отс былай жауап берді.
Арти Отс, Kcell директоры:
- Абоненттердің ағыны қазір бір қалыпқа түсті. Бүгін таныстырып отырған 4G клиенттер базасын ұлғайтады деп үміттенеміз. Әрі қазір абоненттер саны SIM-картаны қолданушылар санымен ғана өлшенбейді: біз ұсынған тарифтерді қолдануға ниеттілер көлемімен бағаланады.
Аталған операторды пайдаланатындардың кейбірі компанияның әлеуметтік желідегі парақшасына "қоңыраулар сапасы нашар, ғаламтор баяу" екенін жазады. Осыған байланысты компания базалық бекеттер, яғни желі тарататын станциялар саны арттырып-арттырмайтынына қатысты сұрағымызға директор ол мәселе қаралатынын, бірақ оларға қатысты деректер жарияланбайтынын айтты.
Қазақстандық операторлардың арасында 4G желісін соңғы қосқан ұялы байланыс операторы өкілінің айтуынша, 4G желісінің 3G-ден айырмашылығы интернеттегі парақшалар тез ашылады, әлеуметтік желіге сурет жүктеу, файлдарды өзіңізге басып алу 5 есе жылдам іске асады.
Айта кетейік, Қазақстанда интернет қолданушыларының саны 2006 жылғы 8 пайыздық көрсеткіштен 2016 жылы 68 пайызға дейін өскен. Одан бөлек, биыл Қазақстан желілік даярлық индексі бойынша 139 елдің арасында 39-орынға тұрақтады. Дүниежүзілік экономикалық форум аясында жүргізілген зерттеудің нәтижесі бойынша, көш басында Сингапур, Финляндия, Швеция болғанымен, Қазақстан ТМД елдері арасында өңірлік рейтингті бастап тұр: 2015 жылы – 56-орын, 2016 жылы – 41 орын.
Аян ҚАЛМҰРАТ, «7»
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024