Алматы. 19 ақпан. 7kun.kz – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев шалғай жатқан ауылдарға интернет тарту жұмыстары туралы айтып берді, - деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы кең жолақты интернет тартыла бастады.
«Мәселен, 2018 жылы 144 мыңнан астам адамды қамтитын 56 ауылды елді мекен сапалы интернетпен қамтылды. Негізгі мақсат - 1 249 елді мекенді кең жолақты желімен қамтамасыз ету. Жобаны жүзеге асыру барысында 20 мың шақырым құрайтын талшықты-оптикалық желі құрылысын салу жоспарланып отыр», - деді Д.Абаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, «Трансеуразия суперақпараттық магистраль» халықаралық жобасы бойынша Каспий теңізі арқылы Қытай, Оңтүстік Шығыс Азия және Еуропаны біріктіретін 15 000 километрден астам талшықты-оптикалық магистраль салу жұмыстары жалғасып жатыр. Адами капиталды дамыту бойынша ел тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру шаралары да атқарылып келеді.
«Жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында 2-11 сынып оқушыларының оқу бағдарламалары жаңартылды. Ақтөбе облысының 87 мектебінде және Астана қаласындағы 57 мектепте пилоттық бағдарламалар іске қосылды. 2018 жылы халықтың базалық тұрғыда цифрлық суаттылығын арттыру мақсатында 700 мыңнан астам адам оқытылды», - деп атап көрсетті министр.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың нәтижесі бойынша есеп берді. Бүгінгі таңда елімізде электронды сауданың көлемі артып келеді.
Осы орайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев цифрландыру аясында мемлекеттік органдардың өзара байланысын күшейтіп, ақпараттық теxнологияларды қолдануды талап ететін нормаларды тездетіп бітіруді тапсырды.