Қызылорда. 5 сәуір. 7kun.kz - Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің 9 «а» сынып оқушысы Серік Ержігіт жиналмалы, құрастырмалы көпір ойлап тапты, деп хабарлады ҚазАқпарт Қазалы аудандық әкімдігіне сілтеме жасап.
Өнертапқыштың ойынша, бұл көпір дарияның арғы бетіндегі ағайындар үшін таптырмас дүние. Қыс түсе Сырдария өзенінің арғы бетінде тұратын тұрғындар Басықара ауылы арқылы айналып, әбігерге түсіп жатады.
«Қарлан», Әлсейіт өткелі мен Абай ауылының тұсындағы қалқымалы көпірлер өзенге мұз қатып, сең жүрсе алынып тасталады. Тұрғындар үшін түйткілді мәселеге айналған бұл мәселенің шешімін іздеу жас өнертапқышты жиналмалы, құрастырмалы көпір ойлап табуға итермеледі.
Аудандық оқушылар үйінің «Электротехника» үйірмесіне қатысатын Серік өз ойын жетілдіріп, үйірме жетекшісі Қайрат Оразовқа жеткізеді. Шәкіртінің халықтың игілігіне жарайтын идеясына қолдау білдірген ұстазы өзінің ақыл-кеңесін аямайды. Құрастырмалы-жиналмалы көпір екі бөліктен тұрады.
Темірден құрастырылатын көпір өзеннің екі бетіне орналастырылады. Пульт арқылы басқарылатын ол қауіпті жағдай туындағанда жиналады. Қазіргі қалқымалы көпірлерден басты айырмашылығы осында.
Көпірдің ұзындығы қажетіне қарай 40-50 метрге дейін жетсе, ені екі автокөлік еркін сиятындай болады. Үстінен 10 тонналық төрт машина өте алады.
Көпірдің құрылысына қажетті материалдардың барлығы да ауданнан табылады. Тағы бір ерекшелігі, көпірге ешқандай электр бағандарын тартып, әуре болмайсыз. Қасындағы қосымша вагон қажетті электр энергиясын күн көзінен алады.
Сондай-ақ, бұл көпір қаржылық жағынан да өте тиімді. Қолға алам деуші кәсіпкерлер табылса, бір жыл ішінде бар-жоғы 40-50 млн теңгеге орната алады. Көпірдің құрылысына кеткен шығынды 5 жылдың көлемінде қайтарып алуға мүмкіндік бар. Ол үшін бар-жоғы жеңіл автокөлікке 100 теңге, ауыр көліктерге 150 теңге алса жетіп жатыр.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024