Алматы. 2 мамыр. 7kun.kz - "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" АҚ (ТҚЖБ) 20,1 млрд теңге көлеміндегі өтемақының екінші траншын мерзімінен бұрын төледі. Бұл 2015 жылы тамыздың 18-індегі депозит көлемінің 15,8 пайызына тең.
Банк таратқан баспасөз релизінде өтемақыны 284,2 мың жинақ иесі алғаны туралы айтылған.
"Екінші траншты өтеуге жұмсалған 20,1 млрд теңгенің 9 млрд теңгесі банктің жеке капиталынан бөлінді. Біз соңғы 5 жылда тапқан табысымыздың барлығын өтемақыны төлеуге жұмсадық. Себебі бізге адамдардың жинақтарын сақтап, мұқтаж болып отырған баспаналарына қол жеткізгендері өте маңызды", - дейді ТҚЖБ басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова.
2016 жылы банк өтемақының 29,3 млрд теңге көлеміндегі бірінші траншын төлеген еді. Оның 18,8 млрд теңгесі мемлекеттік бюджеттен, ал 10,4 млрд теңгесі ТҚЖБ-ның өз капиталынан бөлінген. 19,7 пайыз көлеміндегі алғашқы төлемді 316,7 мың салымшы алды. Ал қалған 19,2 пайызы 2016 жылы тамыздың 1-іне дейін төленген. 0,5 пайызы өткен жылдың соңына дейін аударылып бітті.
2015 жылы тамыздың 18-інде теңге девальвацияға ұшыраған еді. Президент Назарбаев үкіметке ТҚЖБ салымшыларының жинақтарын сақтап қалудың жаңаша механизмін жасауды тапсырған.
Ол кезде бағамның айырмашылығы 30-35 пайыз аралығында болды. Осыған байланысты "Бәйтерек" ұлттық холдингі қаржы министрлігімен, ұлттық экономика министрлігімен, инвестиция және даму министрлігімен және Ұлттық банкпен бірлесе отырып өтемақы төлеудің механизмін жасап шығарды. Нәтижесінде ТҚЖБ салымшыларының өтемақысы салымның 35,5 пайызына тең болды.
Анықтама «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. ТҚЖ жүйесі салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне тарту және оларға тұрғын үй заемдарын беру арқылы халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған.