Алматы. 10 мамыр. 7kun.kz - Forbes жүргізген зерттеудің нәтижесінде қазақстандық милиардерлердің әл-ауқаты ғана емес, олардың қай тілді қалай меңгергені де белгілі болды.
"Қазақстанның ең бай 50 бизнесмені - 2017" атты рейтингке қатысқан ауқаттылардың 44 пайызы орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлей алады екен.
Ал олардың үштен бір бөлігі үш тілді де қатар меңгерген. Атап айтқанда, қазақ, орыс және ағылшын тілін. Миллиардерлердің бірі үш тілдің ішінде қазақшаның орнына кәріс тілін біледі.
Сонымен бірге, Forbes-тың хабарлауынша, рейтинг қатысушыларының 17 пайызы қазақ және орыс тілінде таза сөйлейді, ал 11 пайызы тек қана орыс тілінде қарым-қатынас жасай алады.
Рейтингке енген 50 бизнесменнің тек біреуі ғана төрт тілді де қатар меңгерген екен: орысша, ағылшынша, французша және қазақша. Бірақ ол соңғысын әлі толық меңгермегенге ұқсайды.
Жалпы алғанда "Қазақстандағы ең бай 50 бизнесменнің" дәулеті 700 млн долларға артып, 22 млрд 355 млн долларды құраған. 2016 жылы бұл көрсеткіш $21,652 млрд болған еді.