Алматы. 13 мамыр. 7kun.kz - Еуропа пен Азияның көптеген елінде жұма күні кибер-шабуыл жасалып, ондаған мың компьютерге ақша бопсалайтын бағдарлама-вирус жіберген деп хабарлайды Азаттық радиосы.
ВВС-дің хабарлауынша, WannaCrypt [WCry я WannaCryptor деп те аталады] бағдарлама-вирусы компьютердегі мәліметтерді бұғаттап тастаған соң, оны қайта ашу үшін биткоин төлеуді талап етеді.
Әлем бойынша бұл вирустан ірі компаниялар мен ұйымдар, солардың ішінде мемлекеттік мекемелер де зардап шеккен. Ұлыбританияда кибер-шабуылға ұшыраған мемлекеттік ауруханалар мен басқа да медициналық мекемелердің кейбірі науқастарды, тіпті жедел көмекке мұқтаж жандарды қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болған.
Испанияда бірнеше ірі компанияның, соның ішінде Telefonica байланыс корпорациясының жұмысына кедергі жасалған.
Ресей ішкі істер министрлігі кибер-шабуыл кесірінен мекеменің мыңға жуық компьютеріне нұқсан келгенін растады. «Медуза» порталының хабарлауынша, ресейлік «Мегафон» байланыс компаниясы да интернет-шабуылға ұшыраған. «Газета.ру» сайты Ресей тергеу комитетінің бірнеше аймақтағы ішкі желілеріне хакерлік шабуыл жасалғаны туралы хабарлаған.
Америкалық кейбір ақпарат агенттіктерінің мамандарға сілтеме жасап хабарлауынша, бұл бағдарлама-вирусты 2016 жылғы тамызда Shadow Brokers хакерлік тобы АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің сайтын бұзып кірген кезде соның желісінен ұрлаған болуы мүмкін.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024