Өскеменде 80-жастағы Күлжиян Ғабдуллина 29 жастағы немересі Дәурен Ғабдуллинді жалғыз өзі бағып-қағып отыр. Аяусыз соққыға жығылғаннан кейін қорқынышты күйге түскен азамат сөйлеп, тамақ ішуді қайтадан үйреніп келеді. Бұл туралы NUR.KZ порталы YK-news.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәуреннің ата-анасы алты жасында қайтыс болған. Ал сүйікті әжесі оған анасын да әкесін жоқтатпай отыр. Жақсы тәрбие алған Дәурен гимназияны бітіріп, Еуразиялық университетке грантқа түседі. Астанадан жұмыс та табады.
Немересін мақтан тұтатын Күлжиян апа оның мұндай қорқынышты күйге түсетінін мүлде күтпеген. Енді әжесі сабырлықпен оны қайта сөйлеп, тамақ ішуге үйретуде.
2017 жылдың 23 қаңтарында Дәурен досының туған күнін тойлатады. Бәрі тарқасып, үйіне қайтарда, жолай екі бейтаныс жігіт одан темекі сұраған. Темекім жоқ деген азаматты бейтаныс жігіттер еш себепсіз соққыға жығыпты. Бірі жағынан ұрып құлатса, екіншісі аяусыз есінен танғанша тепкілеген.
Содан кейін олар жігіттің қалтасынан телефонын, әмияны мен құжаттарын қолды қылған. Олар ес-түзсіз жатқан Дәуренді жайына қалдырып, ізін суытқан.
"Келесі күні Дәурен жұмысқа келмегесін, біз алаңдап қалдық. Түстен кейін фирмаға полицейлер келіп Дәуреннің емханада жатқанын айтты. Ол ес-түзсіз күйде далада бір сағат бойы жатыпты. Бір ғажайыптың күшімен есін жиып, жолда көлік тоқтата алған. Таксиші бірден жедел жәрдем шақырып, ол емханада тағы есінен танбас бұрын аты-жөнін атап үлгерген. Оның сау тамтығы қалмапты. Басынан тепкеннен бас сүйегі сынған, екі жағы мен мұрны да сынып кеткен. Дәурен комада жатты. Оған бірнеше ота жасалып, тірі қалуына үміт болмаған еді", - дейді жігіттің әріптесі Салтанат.
"Дәрігерлер әжесі Дәуренді көрсе, бұл жайтты көтере алмай қала ма деп қорыққан. Оның үстіне жігіттің тірі қалуы екіталай еді. Алайда Дәуреннің әлі де көрер жарығы бар екен. Бастапқыда ол ешкімді танымады. Кейін біртіндеп жады орнына келе бастады. Алайда Дәурен сол түні не болғанын мүлде есіне түсіре алмады. Ол сынған басын ұстап, әжесінен мұны кім істеді деп сұрай береді", - дейді бойжеткен.
Полицейлерге Дәуренге тап бергендерді оның ұрланған телефоны арқылы тез тауып алды. Олар телефонды қосулы күйде қалдырыпты.
Сот соққыға жыққан азаматты Күлжиян апаға 800 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттеген. Алайда оның сот талабын орындай қоюы екіталай.
"Сотталушының ата-анасы тек бірінші тыңдалымда болды. Кейін онымен мүлде ат құйрығын кесіскен. Жігіттің өзі жұмыссыз, мүлкі де жоқ", - дейді Күлжиян апа.
80-ге келген кейуана немересіне тағы бір ота қажет екенін айтуда.
"Бастысы өмірін құтқару еді. Миын қорғау бірінші кезекте болғасын, сынған жағын қолдарынан келгенше жинап берді. Нәтижесінде жағы қисайып бітісіп кетті. Енді Дәурен толық аузын жаба алмайды. Жағына тағы ота жасалса, дұрыс тамақ жеп, сөйлей алуы жеңілдейтін еді", - дейді Салтанат.
Алайда емге қыруар ақша керек.
"Мамырдың басына дейін Дәуренді тегін емдеген. Енді оның емханадағы әр күні тәулігіне 30 мың теңгеге айналуда. Ондай ақша бізде жоқ. Бір айға қажет жарты ақшаны мен қарызға алдым. Екінші жартысын Дәурен жұмыс істеген фирма төлеп берді. Олар барынша көмектесуде. Алайда одан әрі қарай не істейтінімді білмеймін", - дейді Күлжиян Ғабдуллина.
Немересіне алаңдап, тыныш ұйқыдан айырылған кейуананың да денсаулығы сыр берген.
"Қан қысымым көтеріліп, жүрегім ауыратын болды. Емханаға жатқым келмеген. Алайда дәрігерлер емделуім қажеттігін айтты. Бірнеше күнде Дәуреніме қайтып ораламын деген ойдамын", - дейді әже.
Дәуренді аяқтан тұрғызуға қарт әжеге көмек қолын созам дегендер, Күлжиян апаның есепшотына ақша аудара алады: ЖСН 370410401801, Kaspi банк картасының нөмірі 5169 4901 3006 0667.
Зарина Жұмағалиеваның материалынан аударылды.
Редакциядан
Құрметті оқырман!
Әртүрлі ресурстарда емделу үшін немесе жағдайы төмен отбасыларға көмектесуді сұраған ақпараттарды жиі көреміз.
Біздің редакциямызға да ондай хаттар жиі келеді.
Мұқтаж жандарға ақпараттық тұрғыдан көмектесу және көмекке мұқтаж жандарды бір ресурсқа топтастыру мақсатымен осы айдарды ашуды жөн деп санадық.
Егер әлеуметтік желі, сайттардан көмек сұраған хабарландыру көрсеңіз немесе өзіңіз мұқтаж болсаңыз толық мәліметтерді (сурет, не үшін қажеттігін көрсетіп, қаражат аударуға қажетті реквизиттерді, байланыс мәліметтері) көрсетіп info@7kun.kz почтасына немесе +7 700 973 83 77 нөміріне whatsapp арқылы жіберуді сұраймыз.
Қазіргі кезде шын мұқтаждардан бөлек, түрлі алаяқтық оқиғалар көбейгендіктен мәліметтер редакция тарапынан тексеріліп барып жарияланады.
Мәлімет сайтпен қатар әлеуметтік желідегі парақшаларға да салынады.
Әлеуметтік жобалармен айналысатын түрлі компанияларға жіберіледі.
Редакция қаржылай көмек көрсетпейді. Сіздің ақпаратыңызды ары қарай тарату үшін жариялайды. Редакция қайырымды жандардың қаражатын қабылдамайды. Мұқтаж адамға көмекті көмек сұраған адамдардың реквизитіне тікелей жіберуіңізді сұраймыз.
Редакция мұқтаж жандар туралы қосымша ақпарат бермейді. Қосымша ақпаратты көрсетілген байланыс нөміріне тікелей жіберуіңізді сұрайды. Редакция әлеуметтік желідегі көмек сұраған хабарландыруларды тексеріп, көшіріп басады.
Егер ол хабарландыру маңызын жойса, көмек қажет емес болса, сайттағы ақпарат қате болса info@7kun.kz почтасына немесе +7 700 973 83 77 нөміріне whatsapp арқылы ескертуді сұраймыз.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024