Назарбаев шетелдегі қазақтарды қолдайтын "Отандастар" қорын құруды тапсырды
Астана. 23 маусым. 7kun.kz - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке "Отандастар" атты қазақтарды қолдау қорын құруды тапсырды. Бұл туралы ол V Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында айтты.
"Шетелде жүрген немесе отанына қайтқан қазақтарды қолдау үшін "Отандастар" қорын құру керек. Үкіметке осыны тапсырамын. Өздеріңіз білесіздер осы 25 жылда экономиканың, саясаттың дамуына байланысты еліміздің біраз азаматы қалталы боп қалды. Біз әлеуметтік жағдайы жақсы халық болуға тырысып жатырмыз. Байлар көп болса, олар жұмыс орнын көп етеді. Біз солтүстік Кавказдан адамдарды қабылдадық, шешендерді, оларға өз есігімізді аштық. Енді қазақтарға неге басқаша қарау керекпіз? Мен бизнесмендерді өз үлесін қосуға шақырамын", - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік қазіргі уақытта 2017 жылдың 22-25 маусым аралығында Астанада V Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр. Онда әлемнің 39 елінен 350-ге жуық делегат пен қонақ келеді. Ал жалпы қатысушылар саны 800-ді құрайды. Олардың ішінде өнер, ғылым, бизнес, спорт, мемлекеттік пен қоғамдық ұйымдар және БАҚ болады.