Қазақстанның 2022 жылға дейінгі ұлттық экспорттық стратегиясы шикізаттық емес тауарлардың экспортын ұлғайтады – Сүлейменов
Астана. 15 тамыз. 7kun.kz - Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов үкімет отырысы барысында 2018-2022 жылдарға арналған «Қазақстанның Ұлттық экспорттық стратегиясы» Үкіметтік бағдарламасын таныстырды.
«Бағдарлама «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген, атап айтқанда шикізаттық емес экспорттың көлемін 2025 жылға қарай 2015 жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайту жөніндегі стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған», - деді Сүлейменов.
Экспорттаушыларды қолдаудың институттық негізін жетілдіру аясында бағдарлама арқылы «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін Қазақэкспорт ҰК-ға Экспортты қолдау және ілгерілету бойынша бірыңғай оператор мәртебесін заңды түрде бекіту ұсынылып отыр.
Құжатта сондай-ақ перспективалық сату нарығын бөлу арқылы тауарлар мен қызмет көрсетулер бойынша перспективалық «экспорт себетін» анықтау көзделуде. Аталған себетке экспортталып жатқан немесе экспорттауға ұсынылып отырған жеті саладан 116 тауар енгізілді. Министрдің айтуынша, қолданыстағы тауарлық позициялардың ішінде тамақ өнеркәсібі тауарлары, минералдық және химиялық тыңайтқыштар, медициналық бұйымдар, шыны бар. Перспективалық қызмет көрсетулерге, экспорттық тұрғыдан алғанда, көлік, туризм, қаржы және іскерлік қызмет көрсетулер, сондай-ақ білім, медицина, ғарыштық қызмет көрсету және ғарыштық жабдықтарды сынау жатады.
Министр перспективалық «экспорттық себет» тауарларының экспортының бағытын анықтау кезінде мынадай өлшемдер ескерілгенін баяндады: көліктік қолжетімділік, елдер импортының құрылымы және Қазақстан экспортының толықтыру индексі, елдер импортының өсу болжамы және талданатын елдердің қазақстандық шикізаттық емес тауарларының импорт көлемі.
Тауарларды сату мен қызмет көрсетулердің перспективалық нарығы ретінде 27 ел анықталды: олар Қазақстан үшін экспорттық мүдделілік деңгейі бойынша шартты түрде басымдықтағы (Ресей, Қытай), жоғары (Беларусь, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Украина), қалыпты (Әзірбайжан, Армения, Ауғанстан, Грузия, Латвия, Моңғолия, Нидерланды, Польша, Тәжікстан, Түркменстан) және экспорттық мүддесі ұзақмерзімді перспективаға сай (Ұлыбритания, Германия, Италия, Финляндия, Франция, Швейцария, Оңтүстік Корея, Жапония) болып бөлінді.
Сүлейменовтің айтуынша, сыртқы сауда кедергілерін жою үшін үшінші елдермен көпжақты және екіжақты келіссөздер жүргізілетін болады.