Алматы. 12 наурыз. 7kun.kz – ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Жазушылар Одағының XV Құрылтайының ашылуымен құттықтап, хат жолдады.
Құрметті қаламгерлер!
Баршаңызды Қазақстан Жазушылар Одағының XV Құрылтайының ашылуымен құттықтаймын!
Жазушылар Одағы – қай заманда да Отанымыздағы ел бірлігіне, халқымыздың рухани кемелдене түсуіне бірегей қызмет етіп келе жатқан қастерлі қара шаңырақ, қазақ әдебиетінің киелі ордасы.
Ол жас, Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің тұғырын нығайту жолындағы ең жауапты, әрі аса күрделі жылдарда сөз зергерлерін елдік істерге ұйыстырушы рөлін сақтай білді. Қазір де осы мақсат жолында табысты жұмыс істеуде.
Ал барша қаламгерлердің бүгінгі іргелі басқосуы Қазақстан тарихындағы бірегей «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатқан кезеңге тұспа-тұс келуінің зор символдық мәні бар.
Ақын-жазушылардың басты миссиясы – елді рухани байлыққа кенелту, қастерлі құндылығымыз – Тәуелсіздікті нығайта түсуге игі ықпал ету. Бұл орайда бүгінде отандық қаламгерлердің көркем шығармаларына мемлекет тарапынан қаламақы төлеу мәселесі орнықты шешімін тауып, төл әдебиетіміздің бірегей туындылары әлемнің айтулы 6 тіліне аударылып жатқаны елеулі оқиға деп білемін.
Бүгінгі Құрылтай отандық әдебиетке, сол арқылы еліміздің рухани әлеміне үлкен бетбұрыс әкеледі, сондай-ақ Жазушылар Одағының жұмысына жаңа леп, тың қарқын береді деп санаймын!
Халқымыздың рухани болашағы туралы сүбелі сөздер мен көшелі ойлар айтылып, әдебиетіміздің даму бағдарын айқындайтын салмақты шешімдер қабылданады деп сенемін.
Абыз жазушылар мен жас буынның арасындағы, қаламгер мен оқырманның арасындағы рухани сабақтастық нығая берсін!
Құрылтай жұмысы табысты болсын!
Баршаңызға шығармашылық табыстар, зор денсаулық және отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024