Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алу үшін не істеу керектігін айтты
Алматы. 4 мамыр. 7kun.kz - Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша баспана алу үшін не істеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Ұлттық банк қазір мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының аясында «7-20-25» бағдарламасын әзірлеп жатыр. Мен азаматтардың осы бағдарламаға қатысу үшін не істеу қажет екенін айтқым келеді», — деді бүгін парламенттік тыңдау барысында Данияр Ақышев.
Біріншіден, азамат сатып алатын баспанасын таңдау керек. Бұл орайда бағдарламада үйдің шекті құны бекітілетінін ескеру керек. Мысалы, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында баспананың ең жоғары бағасы 25 млн теңге, ал басқа өңірлерде 15 млн теңге болады. Бұдан бөлек, Ақышевтың айтуынша, бастапқы кезеңде бағдарлама аясында жаңа үйлерге ғана ипотека беріледі.
«Екіншіден, азамат бағдарламаға қатысатын банкке келіп, өтініш пен қажетті құжаттарды тапсыру қажет. Біз таяуда қаржылық көрсеткіштері жоғары, филиалдық жүйесі мен азаматтарға қызмет көрсету сапасы жақсы дамыған банктерді анықтаймыз», — деді ол.
«Үшіншіден, кредит алу үшін азаматтың табысы болуы керек. Төртіншіден, оның меншігінде баспанасы болмауға тиіс, бұл талапты біз қазір қарастырып жатырмыз. Ұлттық банк осы ережелерді халыққа түсіндіріп, белсенді жұмыс істеуге бар күшін салады», — деді Ақышев.
Айта кетейік, президент Нұрсұлтан Назарбаев «7 – 20 – 25» жаңа тұрғын үй бағдарламасын ұсынған еді. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайды. Бастапқы жарна баспана құнының 20 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады.
Банктерден кредит сатып алатын оператор құрылып, ол «Баспана» ипотекалық компаниясы деп аталмақ. Бағдарлама 2018 жылдың екінші жартысынан бастап іске қосылады.
Ақпарат көзі: Atameken Business ChanelПохожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024