Алматы. 15 мамыр. 7kun.kz - Мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) есептілік кезеңде 105,1%-ға, олардың ішінде республикалық кірістер — 100,9%-ға, жергілікті бюджеттер — 117,1%-ға асыра орындалды, деп мәлімдеді Қаржы министрі Б. Сұлтанов.
Республикалық бюджетке 1781,7 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 16 млрд теңгеге, ал 2017 жылдың төрт айының көрсеткішінен 173 млрд теңгеге артық. Өсу қарқыны 110,7% құрайды. Жоспардың артығымен орындалуы негізінен салықтар бойынша қалыптасты. Олардың ішінде, үстеме табыс салығы — 8,5 млрд теңге, шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден баж салығы — 32,1 млрд теңге.
Жергілікті бюджеттердің кірістері 106 млрд теңгеге артығымен орындалып, 728 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,6%-ға, республикалық — 96,9%, жергілікті бюджеттер — 98%-ға атқарылды.
«Алдағы басты мақсат – нақтыланған бюджеттегі қосымша берілген қаражаттың түпкілікті тұтынушыларға және экономикалық айналысқа уақытында жетуін қамтамасыз ету. Бұл жұмысты республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орындаймыз», — деді Б. Сұлтанов.