Алматы. 16 мамыр. 7kun.kz - Талғар ауданындағы «Лесная сказка» демалыс кешенін одан әрі дамытуға бағытталған «Апорт-Ақтас» тау шаңғы курортының жобасы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовқа таныстырылды. Жобаға бастамашы болған «Alina» компаниялар тобының президенті Ерлік Балфанбаев құрылыс жоспары мен нысан макетін көрсетіп, баяндап берді.
Е. Балфанбаевтың айтуынша, жоба аясында 12 аспалы жол, ұзындығы 31 шақырым болатын тау шаңғы трассасы, сол сияқты 700 төсек-орындық қонақ үй, мейрамханалар, кафе және басқа да нысандар салу көзделген. Келушілер саны жылына 724 мың адам, яғни күніне 12 мың адам болады деп күтілуде. 600-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, тартылатын инвестиция көлемі 31 млрд теңге болады деп межеленіп отыр. Кешеннің басты ерекшелігі – оның жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтіндігінде.
«Тау шаңғы курортының жұмысы жыл маусымдарына тәуелді емес. Қысқы кезеңде тау шаңғысы, хоккей, конькимен сырғанау қызық болса, жазда велосипед теуіп, атқа мінуге болады. Яғни шаңғы жолдары жазда велосипед жолы ретінде пайдаланылады. Сөйтіп курорт туристердің жыл бойы демалуына қолайлы орын болмақ», - дейді Е. Балфанбаев.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.