Алматы. 28 мамыр. 7kun.kz - 2018 жылы күзде бірыңғай аграрлық салық қабылдануы мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлады Қазақпарат.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі салық салу жүйесін жеңілдетуді қарастырып отыр. Негізінде, ауыл шаруашылығынан бюджетке салық аз түседі. Егер тек пайдаланылып жатқан жердің аумағына байланысты салықты енгізсек, онда салық та көбірек түсер еді, әрі оны әкімшілеу оңай болар еді. Бұл тек біз ұсынып отырған пікіріміз. Әлі де басқа министрлер мен қаржыгерлердің ұсыныстары бар», - деді Ө. Шөкеев.
Осы орайда ол барлық пікірлер мен ұсыныстар талқыға түсетінін атап өтті.
«Қазіргі кезде бұл ұсыныстар Мәжілісте талқыланып жатқан заңнамаға өзгерістер енгізу туралы жобада ескерілді. Біз 400-ден астам түзету енгіздік. Құжатты лайықты қисынға келтірдік. Сондықтан күзде оны Парламентте қабылдаймыз деп ойлаймын», - деді министр.