Астана. 19 қаңтар. 7kun.kz - Ақпарат және коммуникация министрлігі «Ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына пікір қалдыру үшін электронды цифрлы қолтаңба арқылы тіркелу керектігі және блогерлерді міндетті тіркеу туралы норманы енгізбейді. Бұл туралы ведомство министрі Дәурен Абаев фейсбуктағы парақшасында жазды.
Министр ведомствоның ақпарат және коммуникациялар мәселелеріне қатысты заң жобасы бойынша түрлі алаңдарда қоғамдық талқылау өткізіп жатқанын айтты.
"Бұл процеске сарапшылар мен журналистер және азаматтық сектор тартылуда. Талқылаудың барлық кезеңінде қатысушылар айрықша назар аударған нормалардың бірі жасырын пікір қалдырушылардың алдын алу (деанонимизация) мәселесі болды. Атап айту керек, бұл норма троллингке, тексерілмеген ақпараттарды тарату мен арандатуға, экстремизмді насихаттау мен әлеуметтік жанжалдарға шақыруға қарсы күреске бағытталған еді", - деді министр.
Оның сөзінше, жұмыс тобы отырыстарының шеңберінде сарапшылар мен журналистер тарапынан блогерлерді тіркеу ұсынысына қатысты да көптеген ескертпелер түскен.
"Біз бұл нормада желідегі танымал қолданушылардың БАҚ-пен теңестірілуін және бұл процестің ерікті түрде атқарылуын қамтамасыз етуді көздеген болатынбыз. Министрлік барынша ашықтықты ұстанғандықтан және қоғамның әрбір ұсынысын ескеруді жөн көргендіктен, бүгін жоғарыда аталған нормаларды Заң жобасынан алып тастау жөнінде шешім қабылданды", - деді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, министрлік қазнетте жасырын пікір қалдыратындарға тыйым салу мәселесін қарастырған болатын. Бұл норма бойынша интернет ресурсты қолданушыларға талаптар қойылады. Яғни қолданушы пікір қалдыру үшін SMS хабарлама және телефон нөмірі арқылы өзін сәйкестендіру керек болған.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024