Дональд Трамп Президентікке келгелі бері оның АҚШ саясатында түрлі өзгерістер болып жатыр. Ақ үйге кіргелі ол алдымен АҚШ пен Мексика арасында қабырға салатынын айтты және оған кететін қаржы Мексика бюджетінен жұмсалу керек деді. Трамптың мұндай саясаты АҚШ экономикасына қалай әсер етеді?
Saxo Bank сарапшысы Кристофер Дембиктің сөзінше, Трамп АҚШ экономикасы үшін қажет емес. Себебі Барак Обаманың тұсында қалыптасқан экономикалық индикатор қалыпты сақталады. Барак Обама мен Джанет Йелленнің қалыптастырған экономикалық формасы 2008 жылмен салыстырғанда жақсы. Citi агенттігінің есебіне сәйкес, 2016 жылдың төртінші тоқсанында экономикалық индекс көрсеткіші жыл басымен салыстырғанда өте жақсы болған. "Бұл Обаманың қалдырған мұрасы", - дейді Кристофер Дембик.
Сондай-ақ, сарапшының айтуынша, еңбек нарығы жұмысшылармен толық қамтылған. Соңғы екі жылда еңбек нарығында 4,9 млн жұмыс орны құрылып, жұмыссыздар деңгейі 4,7%-ға дейін қысқарған.
"Соңғы уақытта халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатары біршама азайған. Нәтижесінде соңғы сегіз жыл ішінде 25 және 34 жас аралығындағы жұмысссыз америкалықтар саны 22%-ға төмендеген. Бұдан экономика толық жұмыспен қамтылмаса да, сол дәрежеге жетіп қалғанын байқауға болады", - дейді Кристофер Дембик.
Сондай-ақ, Трамп ұсынып отырған экономикалық шаралар теңсіздік мәселесін шешуге қабілетті емес. Ол ұсынған шаралардың ішінде тек инфрақұрылым үшін шығындар салық көлемін азайту мәселесі ғана орынды.
Трамп еркін сауда айналымына қарсы шыққан тұлғалардың бірі және ол осы қарсылықты қазіргі кезде де орынды деп біледі. Бұл АҚШ тарихында протекционизм деген атауға ие. Өйткені 19 ғасырда елдің экономикалық дамуы осы протекционизммен тікелей байланысты болды. 1812-1849 жылдары кедендік баж салығы 25%-дан 40%-ға өскенмен, халықтың әлеуметтік жағдайының өсуіне еш кедергі келтірген жоқ. Сондықтан Трамптың бұл саясаты да халыққа аса әсер ете қоймауы мүмкін.
Трамп сыртқы сауда бойынша бірінші Қытаймен жағдайды реттемек. Қытай Трамп үшін үлкен қарсылас. Ол Қытайда құрылған америкалық компаниялардың зауыттарын қайтару мәселесін қарастырмақшы. Егер Трамп дәл осылай істейтін болса АҚШ-тың Қытаймен экономикалық қарым-қатынасы қиындай түсетіні белгілі.
Ақша-несие саясаты қалай болады?
Кристофер Дембик Дональд Трамп пен Федералды резерв жүйесінің басшысы Джаннет Йеллен арасындағы келіспеушілік Трамптың Президенттік науқандарын өткізу кезінде-ақ басталған дегенді айтады. Трамп өзінің инфрақұрылымдық жоспарларын жүзеге асыру үшін базалық мөлшерлеменің төмен болуы қажет деп есептейді. Бұл қарыз алу үшін де тиімді. Алайда ФРЖ базалық мөлшерлемені көтереді. Бұл шешімді Джанет Йеллен де, оның орнына кандидат бола алатындар да (Гленн Хаббард, Джон Тейлор, және Кевин Уорш), өңірлік басшылар да қолдайды. Ал Трамп пен ФРЖ арасындағы мұндай келіспеушіліктер нарық пен Орталық банк арасындағы қатынасқа және ақша-несие саясатының тиімділігіне "кесірін" тигізуі мүмкін.