Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ақсу қант зауыты алғашқы қантын шығарды

Ақсу қант зауыты алғашқы қантын шығарды

Алматы. 23 қараша. 7kun.kz — Ақсу қант зауытында арадағы он жылдық үзілістен кейін алғашқы қант алынды. Бұл туралы кеше облыс әкімі Амандық Баталовтың Ақсу ауданына барған жұмыс сапарында белгілі болды. Зауыттың жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан облыс басшысы кәсіпорынды аралап көріп, инвесторлармен зауыттың болашағы туралы мәселелерді талқылады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазір Ақсу қант зауытына қант қызылшасы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарынан жеткізіледе. Қазіргі кезде кәсіпорынның қызылша жинақтау алаңында 80 мың тонна тәтті түбір жатыр. Бүгінгі күні зауыт 2 мың тонна шикізат өңдеп, алғашқы қантын алды.

«Ақсу қант» ЖШС-ның атқарушы директоры Сәкен Мұратовтың айтуынша, зауытта жасалған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қант қызылшасын өңдеу мен қант шығаруды бастау жұмыстарының жүйесі іске қосылды. 2018 жылдан бастап негізгі және қосалқы өндірістерді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталады. Қуаттылығы 5 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы пайдалануға беріледі. Заманауи жылу қазандықтары мен турбогенераторлар орнатылады. Сол сияқты технологиялық процестерді автоматтандыру жұмысы одан әрі жалғастырылып, соңғы 3 жылда зауыттың өндірістік қуаттылығы өсетін болады.

Елбасының қант өндірісін дамыту туралы тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың басында облыс әкімдігімен Ақсу қант зауытын жаңғырту туралы меморандумға қол қойған «Энергомост» консорциумы зауытты қайта қалпына келтіру жұмысына белсене кіріскен болатын. Бұл жұмыстарға 15 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, оның 3 млрд теңгесі негізгі құрал-жабдықтарды жаңғырту үшін «Жетісу» ӘКК тарапынан бөлінді.

Жалпы кәсіпорын жыл бойы 300-350 мың тоннаға дейін қант қызышасын өңдейтін қуатқа ие.

Биылғы маусымда 80 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеп, 6 мың тонна қант алу жоспарланып отыр. 2017 жылдың қыркүйек айынан бері зауытқа қант қызылшасын қабылдау жалғасып жатыр.

Похожие материалы