Алматы. 27 шілде. 7kun.kz – Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі 24 шілдеде жедел-іздестіру шаралары барысында Ақтөбе қаласындағы мұнай өнімдерін қайта өңдеумен айналысқан заңсыз зауытты анықтап, жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
«Бұл іс-шараға департамент қызметкерлерінен бөлек Ақтөбе қаласының көлік прокуратурасы және «Бүркіт» ерекше мақсаттағы бөлімше қызметкерлері де қатысқан болатын. Кейін анықталғандай, Ақтөбе облысының мұнай-кен орнынан жалған кұжаттар арқылы заңсыз мұнай өнімдері шығарылып, ол заңсыз зауытқа жеткізіліп отырған. Мұнай және мұнай өнімдерін қайта өңдеумен айналысқан зауытқа қатысы бар барлық тұлғалар қолға түсті» делінген комитет таратқан хабарламада.
Тергеу жұмыстары нәтижесінде 150 тоннадан астам мұнай өнімі тәркіленді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.