Тікелей еш қатысы жоқ. Тек, мен екеудің арасынан мынадай байланысты көріп отырмын. «Көбелек эффектісі» дейтін теорияны естіп пе едіңіз? «Жәндік қанатын қағып кеп жіберсе, әлгінің желпуінен жердің басқа бөлігінде дауыл тұруы мүмкін», дейді әлгі тұжырым.
Енді мынаны қараңыз. Осыдан 155 жыл бұрын АҚШ-та азаматтық соғыс басталды ғой. Сол соғыс – қазіргі өзбекті гастарбайтер етіп жіберді. Қалай дейсіз ғой?
Былай ғой. ХІХ ғасырда әлемдік нарыққа мақта шығарушы негізгі ел АҚШ еді. Азаматтық соғыс басталып кеткесін, мақта плантациялары қараусыз қалды. Осының кесірінен нарықта мақтаның бағасы өршіп кетті. Әлемдегі алпауыт империялар Американы алмастырып, орнына өзі шығуға тырысты. Мысалға, ағылшындар Австралиядан бастап, Үндістан, Мысыр секілді колонияларында жаппай мақта еге бастады. Бұл жарысқа Ресей империясы да қатыспақ болды. Ол үшін Орталық азияны жаулап ап, екі дарияның ортасына мақта егіп тастамақ болды. Не керек, 40 жыл соғысып жүріп, орыс армиясы Хиуа, Бұқар, Қоқанд әмірліктерін өзіне қаратты. Енді, мақта еккелі жатқанда І жаһан соғысы басталып кетті емес пе?! Тек 1930 жылдардан кейін ғана, КСРО-ға айналған Ресей бағзы арманына кірісті. Хиуа, Бұқар, Қоқанның қиындыларынан Өзбекстан деген біртұтас ел құрастырды да, шөл далаға мақта егіп тастады. Егіс алқабына су апару үшін, мың канал қазылды. Көп өтпей, алапат апаттардың құлағы көріне бастады. Мақта алқабын шексіз ұлғайта берудің кесірінен Арал теңізі құрғап кетті. Одан қалды, егіс даласына жыл сайын улы тыңайтқыштарды себе бергеннен топырақ қайта оңалмайтындай болып тозды. Сол алқаптардағы гербицид һәм басқа да химикаттар үп еткен желмен бірге көтеріліп, жергілікті жұрттың өкпесін жалмады, талай адамды демікпе етті. Бұл мәселенің бер жағы еді.
Америка емес, КСРО кінәлі екен ғой?
Американың бар кінәсі – оңтүстік-солтүстік боп соғысам деп, әлемде мақта бағасын қымбаттатып алғаны ғана. Ал, Ресей сол заманда, АҚШ орнын басам деді. 150 жыл өтіп кетсе де, сол райынан қайтпады. Өзбекстанның күллі территориясын аппақ етіп, мақта өсіре бастады. Ақ мамықтан басқа ештемен айналыспа,-деп талап қойды. Иә, 50 жыл бойы Өзбек Социалистік Республикасының экономикасы бір ғана мақтаға бейімделді. 1980 жылғы статистикалық мәліметтерге сенсек, бұл сала ел табысының 65 %-ын құраған екен. Бірақ, мақтаның тек 10% ғана Өзбекстанда өңделіпті. Шикізаттың барлығын Ресей өзіне алып кетіп отырған. Омбы, Саратов, Орынбордағы тоқыма өнеркәсіптері, әлгі мақтадан жіп иіріп, мата түзіп, дайын киім-кешекті қайтадан қымбатқа өзбекке сатқан.
Негізі өзбек жері қазба байлыққа тола өлке. Мәселен, Кеңестер одағы шетелдерге сатып келген алтынның 50 пайызын осы Өзбекстаннан қазып алатын. Бірақ жергілікті бюджетке әлгі пайданың 1%-ға жетер-жетпес бөлігі берілетін. Пайданы бұлай бөлу механизмі – тең дәрежелі елдердің қарым-қатынасына емес, империяның отар елді қанауына көбірек келетін. Алтын, өте сирек кездесетін бағалы металлдар ешқандай салық төлеместен, су тегін Республика шекарасынан түн ортасында, жергілікті биліктің бірде-бір өкіліне ескертілместен шығарылды.
Мақта алқаптарын үлкейте түсуіміз керек деген кеңестік саясат, елдегі күріш, бидай, арпа секілді егістікті жойып тынды. Соның кесірінен, Өзбекстан ұн-күрішті шетелдерден сатып алуына тура келді. Бір айналдырғанды, шыр айналдырады. Азық-түлік жетіспей жатқан уақытта ауылдағы жұрттың саны қатты өсіп кетті.
Гастарбейтер - жаппай мақта егудің кесірлі кейіпкері
Өзбек қышлаққа сыймай жатты. Ал Мәскеу болса, сарттың қалаға ағылуына кедергі жасап, ауылда қамап ұстауға тырысты. Себебі мақта шаруашылығы қол еңбегін қажет ететін, әрі көп адамды керек қылатын ауыр саланың бірі. Мектепті бітірген бірақ қалаға бара алмаған бала қайтеді? Үйленеді. 30-ға келіп "ес жиғанша" 3-4 балалы болып үлгереді. Қысқасы, әдейілеп ауылдан шығармау саясаты – өзбектің күрт көбеюіне себеп болды. 1960 жылдары бар-жоғы 8 миллион халық 1987 жылы 19 миллионға бір-ақ секірді.
Ұлттың саны өскені жақсы. Бірақ, олар жұмыспен қамтылмаса, ол ұлтқа керісінше сор. Кеше ғана үйіме, Өзбек елінде ауыл әкімі болған ағам қонақта болды. Есім-сойы Махмұд Әбішев. 1985-1991 жылдары Ферғана облысы, «Миндон» дейтін қыстақтың басшысы болған. Сол жылдары елді-мекенде неше кісі тұрды, немен айналысты деген дерек айтып, күллі Өзбекстанның қасіретін бір ауылдың мысалымен көрсетіп берді. Оқыңызшы:
«Миндон қышлағында 11 мың адам тұрады. Оның 5 мыңы еңбекке жарамды еді. Сол еңбекке жарамды 5 мың адамның 2,5 мыңының тұрақты жұмысы бар. Оларды бөлсек, 2 мың кісі мақта шаруашылығында істеді. Ал қалған 500 азамат мұғалім, әкімшіліктің өкілі деген сияқты қызметтер атқарды. Ең қызығы, мақта плантациясында жұмыс істеп жүр деген 2 мың кісінің тек 60-ы ғана 300 күн істейді. Ал қалған 1940 мақташының еңбек күні жылына 50 тәуліктен аспайды. Яғни колхозшылардың көп бөлігі көктемгі жер жырту мен күзгі жиын-терімде ғана еңбек етеді. Ал жылдың басқа мезгілінде жұмыссыз үйде жатады немесе ауласындағы бау-бақшасын баптайды».
Жұмыс істейді деген 2,5 мың адамның 1500-і тоғыз ай үйде жатады екен. Ал, мүлдем жұмысы жоқ тағы 2,5 мың азамат ше? Былайша айтқанда, өзбек қыстақтары жұмыссыздарға толып, тұнып тұрған боп шығады. Иә, біршамасы алма-өрік еккен шығар. Бірақ, баршасына жер жетпейді. Өзбек экономисті Рауф Салаходжаев дәл осы ойымызды қуаттап, мынадай пікір айтты:
"Ауыл 5 мыңнан артық адамды асырай алмайды. Себебі – әулет жақсы өмір сүруі үшін 5-6 гектар суармалы жері болуы керек. Ал, 90-шы жылдары қыстақтағы жұрттың күрт көбейіп кетуінен әр отбасына 1 гектардан ғана жер тиді. Алақандай жерден бір жылға жетер қор жинап үлгермейсің. Ішіп-жеміңе жетпей тұрғанды қалай сатасың?! Сол себепті өзбектер ауылды тастап, жұмыс іздеп кете бастады".
Қысқасы, коммунистік режим өзбектің қалалық ұлтқа айналу процесін қолмен тоқтатты. Сөйтіп ауылда күшпен қамап ұстады. Ал қыстақ мұншама көп адамды асырай алмады. КСРО құлағанда, көп өзбек Тәшкен, Самарқанд, Хорезм секілді ірі-ірі қалаларға ағылды. Сондағысы – көше сыпырсам да ақша табармын деген ой. Бірақ өзбек билігі ауылдан келгендерді қалаға тіркемеу керек деген заң шығарды. Иә, қалалар жұмыссыздардан тазарды. Бірақ, өзбек жігіттері ауылына кетпеді. Шетел асты. Кеше, Ресейге кетіп бара жатып, отқа оранған 52 өзбек баласы да, сол шетке жұмыс іздеп кетіп бара жатыр еді...
Осы еңбек мигранттарының арқасында Өзбекстан әжептеуір гүлденді. Жылына кемі 6 миллиард доллар жіберіп отырады. Бұл ақшаға елдегі ағайын той жасайды, үй соғады, азық-түлік алады. Кәсіп ашады. Ең соңғысы ағасының, баласының жіберген ақшасына өзағам «Daewoo», «Nexia» мініп жүр.
Ақтөбедегі 52 өзбектің өртеніп кетуі, Өзбек билігін гастарбайтер тақырыбына тереңірек үңілуге мәжбүрлеп отыр. Қайбір әкім-қаралары "Ресейде, Қазақстанда жүрген мигранттарымызды қайтару керек, елде де жұмыс бар",-деп жатыр. Бірақ, 3 миллион адам оралса, өзбектің экономикасы оны көтере ала ма? Әй, қайдам?!
Похожие материалы
Более 13 тыс. казахстанцам назначена специальная социальная выплата
- 26 желтоқсан, 2024
Более 13 тыс. казахстанцам назначена специальная социальная выплата
- 26 желтоқсан, 2024
Правительственная комиссия расследует причины авиакатастрофы вблизи Актау
- 26 желтоқсан, 2024