Экономика
Регионы
Жыл соңына дейін Ақтөбе облысында 1655 пәтер пайдалануға беріледі
Ақтөбе. 11 мамыр. 7kun.kz - «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында 2152 пәтер пайдалануға берілді деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 311 салымшысы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың қолынан пәтер кілтін алды. Басқарма төрайымының айтуынша, жыл соңына дейін облыста жыл соңына дейін 1655 пәтер пайдалануға беріледі.
"Ақтөбе облысы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша көшбасшы болып келеді. 2152 пәтер беріліп отыр, оның 962-сі сатылды. Бұдан бөлек жыл соңына дейін тағы 1655 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мемлекеттік бағдарламаның осынша сәтті орындалуы – аймақ әкімдігінің тиімді жұмысының нәтижесі. Банк өз кезегінде қолжетімді займдар беру арқылы салынған үйлерді сатып алуда халыққа көмегін көрсетіп отыр. Жақында «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында несие алу бұрынғыдан да жеңілдей түсетін болады. Банк мемлекеттік бағдарламаның бастапқы жарнасын 30 пайыздан 20 пайызға түсіру туралы бастама көтерді. Өзгеріс жақын арада іске қосылатын болады", - деді Ләззат Ибрагимова.
Ақтөбе қаласында банк салымшылары үшін 1 шаршы метр бағасы 110 000-120 000 теңге аралығында болғанын атай кету керек. Бұл «Нұрлы жер» бағдарламасында қарастырылған үй құнынан төмен.