Алматы. 12 шілде. 7kun.kz - Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ тұрғын үйлердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге арналған инновациялық өнім – «Ақылды үйді» ұсынды, деп хабарлайды Маңыстау әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл өнім нақты уақыт режимінде үйде болып жатқан жай бақылауға, оқыс жағдайлар туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жаңа сервистің тұсаукесеріне Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев қатысты.
Ақтау қаласының 15-ықшамауданындағы № 35 үй «Қазақтелеком» АҚ қосқан күзет және өрт қауіпсіздігінің зияткерлік тетіктері бар Қазақстандағы ең алғашқы «Ақылды үй» болды.
«Ақылды үйдің» сымсыз бейнекамера, қозғалыс, есіктің ашылу тетіктері қосылған өзінің бақылаушысы бар. Детекторлар қозғалысты, есік немесе терезенің ашылғандығын, өрт қаупін лезде бағдарлайды. Ал бейнекамера оқиғаны тіркеп, суретті есеп жібереді. Туындаған қиындық туралы үй иесіне смартфонға орнатылған ұтқыр қосымша арқылы жедел хабар беріледі. Атап өту керек, пәтер иелерінің жабдықты сатып алуының қажеті жоқ, өтінім бойынша «Қазақтелеком» АҚ жабдықты өздері әкеліп, орнатады, құрастыру уақыты 40 минуттан аспайды.
«Ақылды үй» пәтердің кешенді қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрғындар енді қаскүнемдердің үйге кіруі немесе үй иесінің болмаған кезінде болатын апат туралы алаңдамайтын болады. Жүйе ұялы телефонға хабарлама жіберіп, кез келген қиындық туралы лезде ескертеді, пәтерде нақты не болып жатқандығын және көмек шақырудың қаншалықты қажет екендігін ұтқыр қосымша арқылы кіріп, көре алады.
Сонымен бірге 35-үйдің тұрғындары қазақстандықтар арасында кеңінен қолданылатын «Бұлтты бейнебақылау» қызметіне қосыла алады. «Бұлтты бейнебақылау» қызметі біздің абоненттерге өз үйінің жанында және подъезде болып жатқан оқиғаларды нақты уақыт режимінде ұялы құрылғысы немесе дербес компьютерінің көмегімен бақылауға мүмкіндік береді.
Жобаның ерекшелігі: суреттің сапасы өте жоғары, кірген адамның бет-бейнесін дәл тануға болады және архивтегі бейнежазбаларға оңай қол жеткізеді, жазбалар 7 күнге дейін сақталады. Подъезге бірыңғай бейнебақылау желісіне қосылған екі бейнекамера орнатылады, олар подъездерге кіре беріс пен олардың алдындағы аула алаңдарын түсіреді.
Бұл бағыттағы жоба аясында «Қазақтелеком» АҚ ағымдағы жылы Ақтау қаласы мен Жаңаөзен қаласында 250 үйге 1650 бейнекамера орнатып, көп қабатты тұрғын үй секторының 62 мыңнан астам тұрғынын «Бұлтты бейнебақылау» қызметіне қатынауын қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында «Қазақтелеком» АҚ-ның тағы бір жаңа өнімі – «Ақылды ТКШ» қызметі таныстырылды, пәтерлер мен үйлерге күн сайын тұтынылған судың, газдың, электр энергиясының немесе жылудың саны туралы ресурстық компанияға хабарлар беріп отыратын ақылды құралдар орнатылады. «Ақылды ТКШ» ресурстардың нақты қанша пайдаланылғандығы, түрлі авариялық жағдайлар немесе ұрлық кезіндегі шығынның қанша екендігі туралы өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Бұл өнім ресурстық компаниялардың «күрделі» орындарды анықтауына және оларды жөндеу жұмыстарын жоспарлау мүмкіндігімен қалпына келтіруіне ықпал етеді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024