Әлемде мұнай өндіру бойынша Ресейді басып озып, АҚШ алға шықты. Осындай ақпарат Халықаралық энергетикалық агенттіктің есебінде келтірілген, деп хабарлайды "Ведомости" басылымы.
2014 жылы Америка өндіріс көлемін тәулігіне бір жарым миллион баррельге дейін көбейтіп, 11,81 миллионға дейін жеткізді. Ал Ресей күніне 10,93 миллион баррельге дейін өндіреді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамынша айырмашылық 2020 жылға дейін жалғасады. Ол уақытта Ресей тәулігіне 10,97 млн баррель өндірсе, АҚш 13,96 млн баррельге дейін жеткізеді.
Агенттіктің баяндамасында жазылғандай, Ресей мұнай өндіріс көлемін күніне 560 мың баррельге дейін төмендетеді. Бір жыл бұрын 200 мың баррель көтереді деп хабарланған еді.
Осыған дейін, 19 қаңтарда вице-премьер Аркадий Дворкович қара алтын бағасы барреліне 50-60 долларға дейін төмендесе де, Ресей билігі үлкен қауіп көрмейді деп мәлімдеген. Шенеунік қазір өндіріс көлемін сақтап қалу үшін арнайы шаралардың қолға алынып жатқандығын атап өтті.