Алматы. 16 шілде. 7kun.kz — Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының әкімдігі Алакөл көл жағалау аймағының инфрақұрылымына 30 млрд теңгеге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы аудан әкімі Серік Зайнулдин мәлімдеді.
"Екі жыл ішінде біз жағалауды дамытуға көп қаражат салдық. Алдағы төрт жылда мұнда тек отандық қана емес, сонымен қатар шетелдік туристер келіп, жайлы дем алуы үшін барлығын істейміз", – деп атап өтті ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
ШҚО ақпараттық орталығының мәліметтеріне сәйкес, мердігерлерге қойылатын бірінші талап - капиталды толқын сынықтарын орнату жолымен жағалаудың рекреациялық аймағын нығайту. Сондай-ақ жоба аясында Ақтау теңіз портын салу тәжірибесі бойынша екі километрге жуық жағалауды нығайту көзделуде. Бұдан басқа, сумен жабдықтау желілері мен су қабылдайтын нысандардың, кәріз желілерінің, ағын суларды тазарту қондырғыларының және сүзгілеу алаңдарының құрылысы жоспарланып отыр.
Электр энергиясын тұрақты беруді қамтамасыз ету үшін Мақаншы ауылынан Көкталға дейін қуаты 110 кВт болатын электр беру желісі салынады. Үржар ауылындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңартуға ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыс аяқталды. Қайта жаңартудан кейін ол 70-80 орынға дейін тар фюзеляжды әуе кемелерін қабылдай алады.
ШҚО ақпараттық орталығының мәліметтері бойынша, Алакөл көліндегі инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары 2016 жылдан бастап жүргізіліп жатыр. Осы уақыт ішінде демалыс аймағы айтарлықтай кеңейді. Қазіргі уақытта туристерге 333 кәсіпкерлік нысаны қызмет көрсетеді, олардың ішінде 175 демалыс үйі, екі қонақ үй, 29 дүкен және 56 дүңгіршек, 25 қоғамдық тамақтану орны, екі дәріхана және аквапарк бар.