24 қазанда Алматының Қала құрылысы кеңесіне меценаттар Бостандық ауданының аумағында халықаралық деңгейдегі Мұражай салу жөніндегі әлеуметтік жобаны ұсынды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құрылыс нысаны Ботаникалық баққа жақын аумақта бой көтереді, оған бөлінген жер көлемі 2,17 гектар, Әл - Фараби даңғылының солтүстігі. Қалалық кеңес мүшелері айтып өткендей, болашақта салынған мұражай Дендрапарктің дамуына оң ықпал етіп, Ботаникалық баққа енудің кіреберісі болады. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күнге дейін Ботаникалық бақтан Әл- Фараби даңғылына шығатын жол жоқ. Жоба бастамашыларына қойылған басты талап - салынатын мұражай кешенінде заманауи өнер мектеп- студиясының болуы. Оның үстіне жалға берілетін жер сатылмайды және өзінің негізгі сипатын өзгертпейді.
«Қаламызды барынша заманауи және халықаралық стандарттарға сай және тұрғындарға қолайлы ету өте маңызды. Сондықтан біз қаламыздың рухани өмірін жаңғыртуға тиіспіз.Бүгін жалпы қоғамның мүддесі үшін бұл мәселе оң шешімаін тауыцп отыр. Ботаника бағын одан әрі дамытудың алғашқы капсуласының нәтижелі болатынына сенімдімін» - деді қала әкімі Бауыржан Байбек.
Бизнесмен Сержан Жұмашов «Museum of Modern Art» қоғамдық қорының бір топ меценаттар құрған коммерциялық емес, қоғамдық негіздегі ұйым екендігін айтты. Оның негізгі мақсаты- халықаралық деңгейдегі заманауи мұражай салуды жүзеге асыру болып отыр. Бұл жобаны жасауға әлемдегі ең үздік архитекторлардың бірі, түрлі техникалық элементтерді ұтымды пайдаланушы - Карлос Ферратер ( OAB, Испаниядағы архитектура бюросын құрушы және басшысы) шақырылды.
Бұлардан өзге Қалалық кеңесте Медеу ауданындағы «JubileeLand» тұрғын кешенінің жобасы мақұлданды, оны «Кумполан Казахстан» ЖШС тапсырысы бойынша RSP Architects Planners & Engineers (Pte) Ltd, Сингапур мен «ПА «KAZGOR»ЖШС жасаған. Кешен аумағында жасылдандыру ісіне ерекше мән берілетін болады.
Қала әкімі Алматының қала құрылысында халықаралық тәжірибені кеңінен пайдалануды және әр ауданның өзіндік архитектуралық келбеті болуы тиіс екендігін айтты.