Алматы. 18 қыркүйек. 7kun.kz – 2019-2020 жылдарға қарай қазақстандықтар төлемді криповалютамен жасауы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан интернет-бизнес қауымдастығының басшысы (ҚИБҚ) Константин Горожанкин басылымдардың біріне берген сұхбатында айтты.
Оның пікірінше, қазіргі уақытта қызмет көрсету саласында электронды ақшаны дамыған елдерде ғана қабылдайды. Сондықтан Қазақстанда да мұндай төлем әдістеріне рұқсат беру керек.
«Бізде әлі екі жыл бар. Оған дейін крипитавалютаның барлық қырларын түсініп алуымыз қажет. Адамдардың 10 пайызы ғана интернет-дүкендерді пайдаланады. Қолданушылардың көпшілігі картасын көрсетуден қорқады және желі арқылы қалай сауда жасау керегін білмейді. Біз сатып алудың тиімді әдісін мемлекеттік деңгейде жарнамалауымыз керек. Мысалы, 2013 жылы Қытай үлкен жарнама науқанын өткізді. Нәтижесінде жергілікті халық шетелдік дүкендерге қарағанда, өз елінің интернет дүкендерінен көбірек сауда жасай бастады», - деді Горожанкин.
ҚИБҚ басшысы Қазақстандағы электронды интернет коммерция айналымы 2,7 млрд долларды құраса, оның 1 млрд доллары ғана қазақстандық компанияларға тиесілі екенін айтты. Мысалы, Қазақстанға күніне Қытайдан 16 мыңға жуық сәлемдеме келеді.
«Себебі шет елдерде тауарлар арзан әрі логистикасы жақсы. Олар тауарды екі-үш аптада жеткізеді. Нәтижесінде, қазақстандық кәсіпкерлердің машина жасау мен киім-кешек саласында сыртқы нарықпен күресуі қиын. Бірақ кей салада отандық кәсіпкерлердің мүмкіндігі жоғары. Мысалы, тұтынушылар дәрі-дәрмек немесе азық-түлік өнімдерін Қытайдан тапсырыс беру арқылы сатып алуы екіталай. Сондықтан қазақстандық кәсіпкерлер бар мүмкіндікті пайдаланғаны жөн», - деп кеңес берді ол.
Мейірім Бақытжанова