Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алдағы үш жылда Ұлттық қордан қанша ақша алынатыны белгілі болды

Алдағы үш жылда Ұлттық қордан қанша ақша алынатыны белгілі болды

Астана. 19 қазан. 7kun.kz – Парламент мәжілісі «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023–2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды 7kun.kz.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді.

«Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы баррелліне 2023 жылы 48,9 АҚШ доллары, 2024-2025 жылдары 42,2 - 40,3 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, одан әрі 2024 жылы 2 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқындалды», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Министр жоспарлы кезеңде тиісті қағидаларды қолдану Ұлттық қордың валюталық активтерін 2023 жылы 66,7 млрд долларға дейін қалпына келтіруге, одан әрі 2024-2025 жылдары 78,8 - 93,2 млрд долларға дейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Министрдің айтуынша, бұл жоспарлы кезеңде республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және осы ретте Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 2023-2025 жылдары 4,0 - 4,1% деңгейінде болжанып отыр.

Заң жобасы сенаттың қарауына жіберілді.

Похожие материалы