Alibaba корпорациясының негізін қалаушы Джек Ма Ганноверде өткен CeBit конференциясында селфи арқылы сауда жасауға болатын төлем жүйесін таныстырды. Көпшіліктің қолданысына 2017 жылға қарай беріледі деп жоспарланып отыр.
Конференцияда сөз сөйлеу барысында Джек Ма қолданушының бет-бейнесін тану технологиясын қолдану арқылы жасалып жатқан төлем жүйесі туралы айтып өтті. Сахнада тұрып Ма қала әкіміне ғаламтор арқылы сыйлық таңдап, оны төлеу үшін өзін селфиге түсірді. Сервис миллиардердің түрін суретке қарап танып, төлемді жүргізді.
Қытайлық корпорацияның негізін салушының сөзіне сүйенсек, бүгінде технологияны Alibaba-ның еншілес компаниясы Ant Financial сынақтан өткізіп жатыр. Бұл компания Alipay төлемдік сервисін жүргізеді.
Америкалық IT-алпауыттар өздерінің төлемдік жүйелерін жасауда. Мәселен, Facebook желісі АҚШ-та төлем жүйесін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Apple Pay жүйесі 2014 жылдың қыркүйек айында таныстырылған болатын. Бұл жүйе несие және дебет карталарын қосуға мүмкіндік береді. Осыдан соң қолданушы тауарларды сатып алу барысында смартфонды Apple Pay терминалына жақындатса болды, төлем жасалады. Аутентификация үшін смартфонға енгізілген саусақ іздерін танитын сканер орнатылған.