Алматының ресми астана, ресми саналмайтын қаржы және бизнес, мәдениет пен әдебиет орталығы деген дәрежесі бар еді. Онымен қатар ең ірі мегаполистігі тағы бар. Астана Нұр-Сұлтанға көшкелі біртіндеп бұлар да азая бастады. Бірқатар «атағын» Нұр-Сұлтанмен «бөлісті».
Банктердің көпшілігі Алматыда болғанымен Ұлттық банк пен Халықаралық қаржы орталығы астанада. Алматыда бір бөлігі қалғанымен зиялы қауымның біразы мен негізгі мәдениет ұжымдары да астанаға қоныс аударған.
Әзірге Алматыда сақталғаны бизнес қаласы мен ең ірі мегаполис деген ат. Алайда өткен жылдары Алматыда шағын және орта бизнестің шаруасы шатқаяқтап кетті. Ақылы автотұрақ көбейіп, веложолдар салынып, көше бойындағы шағын дүкендер мен киоскілер сүріліп, базарлар сауда үйіне айнала бастады. Кейбір адамдар Алматы бизнес қаласы деген статустан да айырылып қалуы мүмкін дегенді айта бастаған. Биылғы пандемия да Алматы экономикасы үшін қиын болды. Мұның салдарынан Алматы бюджетіне 40 млрд теңгеге жуық қаражат кем түскен. Жыл аяқталған жоқ, бұл цифр әлі де төмен көрсеткішке қарай өзгеруі мүмкін. Өйткені бизнестің көпшілігі толыққанды жұмысын жалғастыра алмай отыр.
Пандемия жалғасса, ең ірі мегаполистегі бизнес құрдымға кетпей ме? Қазір көпшілікті осы сұрақ толғандырады. Жақында Алматы қаласы әкімінің осы бағытқа жауапты орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қызметінен кетті. Бір жылдан астам ірі қаланың бизнес пен әлеуметтік бағытына жауапты болған шенеунік бизнеске бет бұруды шешкен. Биліктің тыныс-тіршілігін бақылап жүргендер Тұяқбаев осы бір жылда қаладағы бизнесті дамытуға бағытталған экожүйенің негізін салып кетті дейді. Ал оның тиімділігі алдағы 4-5 жылда нақты көрінеді. Ал қазіргі бизнестегі қиыншылық пандемияның әсерінен туындаған уақытша ғана жағдай.
Алматы индустриалды аймағының аумағын кеңейту қажет
Сапарбек Тұяқбаевтың БАҚ-на берген сұхбатына қарасақ әкімнің орынбасарлығын өндіріс, индустрия, бизнес саласын қолға алғанда, ревизия жүргізуден бастаған. «Алматы индустриалды аймағында» бос жерді түгендеп, жерге ие болса да, түк бітірмеген компанияларды шығарып тастаған. Бір жылда 200 млрд теңгеге 32 жаңа жоба тартылған. 323 гектардың 85 пайызы игерілген. 2021 жылы және одан кейінгі жылдары 5,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін, құны 160 млрд теңге тұратын 38 жоба іске қосылмақ.Мұнда зауыт ашуға ниетті инвесторлар көп. Сондықтан аумағын кеңейту қажеттігі туындап отыр. Жаңа жобалардың ішінде кабель, витраж, қазандық, үй жылтқыштар мен оның құбырлары әйнек-мақта өнімдері, сэндвич-панель шығаратын зауыттар бар. Бизнеске кеткен экс-шенеуніктің айтуынша «Алматы индустриалды аймағына» енді алаңдаудың қажеті жоқ. Есімовтің кезінде басталып, Байбектің тұсында сәәл алға жылжыған аймақтың жұмысы ілгері басқан. Алматы маңында өндіріс қалыптаса бастады деуге болады.
«Алатау» ақпараттық технологиялар орталығы жабылмайды
Алматы маңындағы «Алатау» ақпараттық технологиялар орталығының жұмысы дүркіреп басталғанымен, күркіреген күндей ғана лезде тынышталып қалған. Қыруар қаржы құйылса да қазақсандық «Кремний алқабына» айнала алмады. Түрлі ІТ-стартаптар да бармады. Сапарбек Тұяқбаев бұл аймақтың өше бастаған тіршілігін жандандыру үшін фармацевтика кластерін дамытуды ұсынған. Оны Президент мақұлдап, қазір қызу жұмыс басталған. Мұнда дәрі өндіріліп, клиникалық аурухана салынады. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты 6 ғылыми зерттеу орталығы мен Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетінің кампусын көшіру көзделген. Білім-ғылым-өнжіріс бір жерге шоғырланады. Әрі «Алатау» индустриалдық аймағының тіршілігі жанданады.
Өндіріспен айналысатын шағын бизнес арнайы паркте жұмыс істей алады
Тұяқбаевтың атымен байланысты жобаның бірі – шағын бизнес парктер. Жоба аясында қала билігі кеңес кезінен қалған ғимараттар, ескі промзоналар, қоймалардың иелеріне нысандарды жөндеп, бизнеске жалға беруді ұсынған. Жөндеу үшін бюджеттен ақша бөлген. Ары қарай кәсіпкерлер ғимаратты толық жабдықтап жалға бере алады, ал өндіріспен айналысатын кәсіпкер жеңілдетілген бағамен жалға алады, жұмысын жолға қою үшін жеңілдетілген несие алуына тағы мүмкіндігі бар. Кәсіпкерге несие 2%-бен 5-7 жылға дейінгі мерзімге девальвациялық қауіпке қарамастан беріледі. Ғимаратты жалға алу құны шаршы метр үшін 1000-1200 теңгені құрайды. Биыл қалада 8 шағын кәсіпкерлік паркі іске қосылып, онда 90 шағын кәсіпорын ашылады. Алматыда шағын бизнесті оның ішінде шағын өндіріске серпін беруі мүмкін жобаның бірі осы.
Кәсіпкерге Qolday керек
Кәсіпкерлер үшін ең қиын мәселенің бірі – құжаттарды реттеу, рұқсат алу. Бұрын бұл үшін кемі 6 ай жүретін, күрделі мәселе болса жылдарға созылып кететін. Бұл мәс елені шешу үшін Алматы әкімдігі «Qolday» орталығын ашты. Мұнда кәсіпкер 30 көзден алатын 525 мемлекеттік қызметті бір терезеден алады немесе рұқсат берілмесе нақты жауап алады. Жаңадан іс бастаған кәсіпкер қосымша ақпарат алып, білім жетілдіруге де мүмкіндігі бар.
Бәрінің түйіні - «Almaty Business-2025»
Жоғарыдағы жобалар мен Алматыда бизнесті қолдаудың негізгі тетігі – 2019 жылдың қыркүйегінде қабылданған «Almaty Business-2025» бағдарламасынан тарайды. Шағын орта бизнесті және зәкірлі жобаларды дамытуды қолдау мақсатымен жасалған жоба әкімшілік кедергілерді азайту, несиелендіру, инфрақұрылымды дамыту, оқыту және инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеуді көздейді.
Сарапшылардың айтуынша бұл жобалар бір-бірімен тығыз байланысты. Шағын бизнесті оның ішінде өнеркәсіпті дамытуға арналған экожүйе деп атауға да болады. Экожүйенің ерекшелігі сол – бұл бағыттар бір бағыт дамыса, қалғаны да бірге ілеседі. Және тоқтап қалуы мүмкін емес. Алматының басқа өңірлермен салыстырғанда бизнесті мемлекеттік қолдаудағы ерекшелігі осы болып тұр.