Алматы. 28 маусым. 7kun.kz – Алматы халқының саны соңғы 10 жылда 500 мың адамға өсті. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Алматы қаласын дамыту орталығының қоғамдық талқылауға арналған сайтында жарияланған 2025 жылға дейінгі даму жоспарында алматылықтар санының өсуі туралы айтылған.
«Алматы халқы соңғы 10 жылда 500 мыңнан астам адамға өсті. Сонымен қатар қаланың әлеуметтік, көлік және басқа инфрақұрылымына жүктеме де айтарлықтай өсті», – делінген құжатта.
Құжатта сәйкес, өсімнің 60%-ға жуығы көші-қонға тиесілі, оның құрылымындағы жоғары білімі бар адамдардың үлесі 2012 жылғы 30%-дан 2021 жылы 60%-ға дейін өскен.
Құжат 1 шілдеге дейін жалпы талқылауда болады.
27 маусымда Алматы әкімі Ерболат Досаев «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарының негізгі басымдықтары және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» жоспары жалпы талқылауға шығарылғанын хабарлады.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының бірінші тоқсанының деректеріне сәйкес, Алматыда 2 миллион 38 мың адам тұрады.