Алматы. 15 желтоқсан. 7kun.kz – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысындағы медицина қызметкерлеріне 51 жедел жәрдем көлігі берілді. Көлік кілттерін облыс әкімі Амандық Баталов табыстады, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
"Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көлемі жылдан жылға өсіп келеді. Соның нәтижесінде заман талабына сай денсаулық сақтау нысандары салынып, олар ең соңғы медициналық құралдармен жабдықталды. Бүгінгі күні аса күрделі операцияларды облыста өз дәрігерлеріміз жасай бастады және шетелде білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Тек соңғы 3 жылда 50-ден астам дәрігер Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Латвия, Польша, Израиль, Түркия сынды алыс шетелдерде білімін жетілдірді", - деді Алматы облысы әкімі Амандық Баталов.
Алматы облысының емдеу-профилактикалық мекемелерін автокөлікпен қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы 51 бірлік автокөлік алу үшін жергілікті бюджеттен 640 млн теңге бөлінген. Оның 33 бірлігі - санитарлық автокөлік, 18-і - желілік, реанимациялық және кардио-реанимациялық бригадаға арналған жылжымалы медициналық жедел жәрдем кешені. Бұл кешен медициналық құралдармен (электрокардиограф, дефибриллятор, жасанды демалту портативті аппараты т.б.) қамтамасыз етілген. Барлық автомашиналар облыстың аудан, қалаларындағы медицина ұйымдарына бөлінетін болады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024