Алматы. 12 қараша. 7kun.kz — Алматы облысының тәртіп сақшылары «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күні мал ұрлығының 18 дерегін әшкерелеп, қылмысқа қатысы бар 28 күдіктіні анықтады. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара нәтижесінде 60 бас мал өз иелеріне қайтарылды. Оның ішінде 45 қой, 14 сиыр және жылқы бар.
"Қапшағай қаласының полициясына жергілікті шаруа қожалықтардың бірінен 40 қойдың қолды болғаны туралы хабарлама түскен. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында көрші қыстақта мал бағатын 30 жастағы азамат қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген. Сотқа дейінгі тергеу барысында оның көршісінің 40 қойын жайылымнан ұрлап, оларды Талғар ауданына жеткізгені анықталды. Полицейлер ұрланған 33 бас қойды иесіне қайтарды", - делінген хабарламада.
Полиция ақпаратына сәйкес, зардап шегушіге 1,5 миллион теңге шығын келген. Ал күдіктінің бұған дейін мал ұрлағаны үшін бас бостандығы шектелгені және ол мерзімнің аяқталмағаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ол Қапшағай қаласы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған. Оның бұдан өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Жалпы, биыл Алматы облысында мал ұрлығына қатысы бар деген айып тағылған 59 топ мүшелері жауапкершілікке тартылған. Олардың 181 мал ұрлығын жасағаны дәлелденген. Зардап шегушілерге 80 миллион теңгеге жуық материалдық шығын өндірілген.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024