Алматы облысының әкімі таныстарын лауазымды қызметке тағайындай бастады ма?
Алматы облысы. 27 шілде. 7kun.kz – Алматы облысының кейбір қоғамдық белсенділері облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің кадрлық саясатына риза емес. Соңғы кезде әлеуметтік желіде сын-пікірлер көбейе бастаған.
Мәселен, жақында Салтанат Беспаева Алматы облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалған. Журналист Сандуғаш Дүйсенова Facebook-та өңір әкімін осы қызметтік тағайындауы үшін сынға алды.
«Бір жылдан сәл астам шағын ауыл мектебін басқарған және соңғы 6 жыл мәдениет және Еңбекшіқазақ ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы болған Салтанат Беспаеваны облыстық білім басқармасының басшысы етіп тағайындағысы келеді. Оны қандай еңбегі үшін осындай маңызды және үлкен бөлімнің басшысы етіп тағайындағылары келеді? Мұның сыры қарапайым – ол облыс әкімінің бауыры Қуат Сұлтанғазиевпен жақын достық қарым-қатынаста», – деп жазды Сандуғаш Дүйсенова.
Бұл постқа облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел жауап берген. Онда облыстық білім саласында олқылықтар көп екенін, 2021 жылдың ақпан айынан бері басқарма басшысыз қалғанын, салдары салаға әсер еткенін жазады.
Мәселе жаhандық болса бұған ауданда бөлім басқарған адамның шамасы жете ме? Неге білім саласындағы мықты менеджерлерді шақырмаған?
Сандуғаш Дүйсенованың жазуынша аудан әкімін тағайындау да осындай жолмен (тамыр-таныстық - ред.) жүзеге асуы мүмкін.
«Көп адамдар сұранғанына қарамастан бұл орын бір айдан бері бос тұр. Бірақ, әкімнің бауыры бұл креслоға клиент тауып қойды. Жақында оған бір күн ауыл басқарып көрмеген кәсіпкер Болатжан Нұрбеков отырады. Есесіне ол жер олигархы ретінде танымал», – деп жазды журналист.
Айта кетейік, 11 маусымда Алматы облысының әкімі болып Марат Сұлтанғазиев тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР Қаржы министрінің орынбасары қызметін атқарған еді. Еңбекшіқазақ ауданының тумасы. Облыс әкімі болып тағайындалғанға дейін туған бауыры Қуат Сұлтанғазиев аталған ауданды басқарды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024