Алматы. 19 қаңтар. 7kun.kz – Кәсіпкер, Choco холдингінің негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Рамиль Мухоряповқа қатысты іс тоқтатылды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Алматы қалалық полиция департаменті Рамиль Мухоряповтың іс бойынша әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни араздықты қоздыру фактісін тексеру үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізген.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қылмыстық қудалау органы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалдық шешім қабылдады. Алматы қаласының прокуратурасы процессуалдық шешіммен келісті», – деді Алматы қаласы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев.
Еске салайық, бұған дейін кәсіпкердің қазақ тіліне қатысты айтқан мәлімдемесі қоғамда дау туғызған болатын. Оған Ресейден көшіп келгендермен кездесуінде қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі себеп болды. Онда ол қазақ тілінде жауап беру «біртүрлі әрі ұлтшылдықтың белгісі» деген еді. Қазақстандықтар кәсіпкердің бұл мәлімдемесіне наразы болды.
Кейінірек Рамиль Мухоряпов Қазақстан халқынан кешірім сұрады.