Алматыда 87 млрд теңгеден астам қаржыны заңсыз қолма-қол айналдырғандардың, мүліктері тәркіленді
Алматы. 20 шілде. 7kun.kz – Алматыда 87 млрд теңгеден астам қаржыны заңсыз қолма-қол айналдырғандардың, 1 млрд теңгеден аса көлемдегі мүліктері тәркіленді. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
2017 жылы соттың үкімімен жалған кәсіпкерлік пен ақшалай қаржыны қолма-қол айналдырғаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топ сотталды.
«Атап айтқанда, 86 жалған кәсіпкерлік ашып, қылмыскерлер 87 млрд теңгеден аса қаражатты қолма-қол айналдырып, 27,7 млрд теңгеге салық төлеуден жалтартқан. Олар қылмыстық жолмен алынған қаражаттарын мүліктерді сатып алу арқылы заңдастырған. Соттың үкімімен қаладағы беделді ауданда орналасқан 1,3 мың ш/м. жуық көлемде тұрғын үй құрылысы бар жалпы көлемі 1,4 га болатын екі жер телімдері қайтарылды. Жерлердің біреуінде тікұшақ қонатын алаң орналасқан. Ол объектінің шамамен нарықтық құны 1 млрд теңгені құраған», – делінген хабарламада.
Прокурорлар анықтауынша, қылмыскерлер мүліктерін тәркілеуден жалтарту үшін «пиғылды» жоспарларды жүзеге асырған.
«Осылайша, жер телімдері сотталғандардың біреуінің әкесінің иелігіне шығарылған. Кейін сот үкімін орындаудан жалтару үшін жылжымайтын мүлік төрт мәрте үлестес тұлғалардың арасында жер телімінің конфигурациясын өзгерту арқылы жүзеге асырылған. Жалған мәмілелерді жасау нәтижесінде мүлік қағаз жүзінде сотталғандардың біреуінің қызына қайтарылған», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, осындай «пиғылды» жоспарларды жүзеге асырып, мүлікті сақтап қалу үшін жер телімдерінің кезекті иелерінің бірі қасақана жалған некеге отырғаны анықталған.
«Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуратурасы аталған мәмілелерді, жалған неке туралы мәмілені заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінді. Жүргізілген ауқымды сот процестері, сондай-ақ азаматтық істің апелляциялық сатыда қаралу нәтижесі негізінде, қадағалау органының талап арызы толығымен қанағаттандырылды. Жоғарыда қабылданған шаралар мемлекет пайдасына бағалы мүліктердің қайтарылуына негіз болады», – делінген хабарламада.