Алматыда автобуста әйелді бұрынғы күйеуінен құтқарған 23 жастағы жігіт марапатталды
Алматы. 8 тамыз. 7kun.kz – Алматы әкімі Ерболат Досаев автобуста әйелді бұрынғы күйеуінің шабуылынан құтқарған жігітті марапаттады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
23 жастағы Райымбек Медетбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының "Меде" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі" КММ-де жұмыс істейді.
«Қала басшысы Ерболат Досаев әйелді автобуста күш көрсетуден құтқарып қалған Райымбек Медетбекпен кездесті. Алматы әкімі оған ерлігі, батылдығы мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, Алғыс хат пен бағалы сыйлықты табыс етті», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Алматыда ер адам автобуста бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасаған болатын. Сол кезде Райымбек Медетбек пен куәгерлер жедел әрекет етіп, әйелді құтқарып қалған еді.