Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматыда көпбалалы отбасылар пәтер кілттерін алды

Алматыда көпбалалы отбасылар пәтер кілттерін алды

Алматы. 17 мамыр. 7kun.kz — Алматыда Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға пәтер кілттері тапсырылды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа пәтердің кілттерін Алматы әкімі Бауыржан Байбек және «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі басқарма төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова табыстады.

Бұл ретте Бауыржан Байбек соңғы 3 жыл ішінде тұрғын үйге зәру 9 мыңнан астам отбасының пәтерлі болғанын атап өтті. Олардың тең жартысы – көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар, ардагерлер, ерекше күтімді қажет ететін жандар және басқалары.

Әкімнің айтуынша, жақын арада тағы 2 мыңға жуық алматылық отбасы баспаналы болады.

«Елбасы тапсырмасымен біз көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсетіп келеміз. 2 апта бұрын ғана Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың қатысуымен алғашқы Аналарды қолдау орталығы ашылып, 1000-ға жуық отбасы кеңес алды. 400-ден астам бүлдіршін балабақшаға тегін баруда. Үздік оқулары үшін 3 мыңнан астам оқушылар мен студенттер жергілікті бюджет есебінен наурыз айынан бастап стипендия алуда. Жұмыспен қамту және жаңа мамандықтарға оқыту жүргізілуде», - деді Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, Алматыда үй кезегіндегі 1276 көпбалалы отбасылардың тең жартысынан көбі жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына өтініш берді. Қазіргі кезде 195 көпбалалы отбасы банкте пәтер құжаттарын рәсімдеуде, 44 отбасы сатып алу келісімін жасап, тұрғын үй сертификаттарын алды.

Похожие материалы