Алматы. 5 қаңтар. 7kun.kz — Азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеу Алматыда бизнеске айнала бастады.
ҚазАқпараттың хабарлауынша соңғы күндері интернетте азаматтарды тіркеуге қою туралы жарнамалар көбейген. Тіркеуді кәсіп қылғандар Алатау ауданында бір адамға бір жылға тіркеуге 50-60 мың теңге, Наурызбай ауданында жарты жыл тіркеуде тұру үшін 40 мың теңге, ал тұтас бір жылға 55 мың теңге сұрайды. Медеу, Бостандық секілді қала орталығындағы аудандарда баға қымбат. Онда жарты жылға адамды тіркеуге алу 60 мың теңгенің айналасында. Әуезов ауданында 3 айдан артық уақыт тіркеуге тұрғызып беру құны 40 мың теңге, ал 6 айға 60 мың теңге қажет болады.
«Тіркеушілер» барлығы ресми түрде заңды болатынын айтып сендіреді. «Егер қандай да бір олқылықтар болса, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ол көрініп тұрады, сондықтан барлығын ресми түрде жасаймыз», - дейді Қазақпарат тілшісіне сұхбат берген делдал.
Еске сала кетейік, Қазақстанда «Экстремизм мен терроризмге қарсы бірқатар заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Заңға қол қойылған болатын. Аталған Заң бойынша азаматтардың уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы міндеттеліп отыр.
Сонымен қатар, пәтерді жалға берушіге де, алушыға да рұқсат қағазы болмаса, айыппұл салынатын болады. Заң жобасын жасаушылар мұндай шара заңсыз пәтер жалға берушілер санын азайтып, ішкі миграцияда есеп жүргізуге себеп болады деген пікірде.