Алматы. 20 сәуір. 7kun.kz - Алматы қаласында көше саудасын ретке келтіру мақсатында станционарлық емес сауда нысандары сүріледі. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы қаласында көше саудасын ретке келтіру мақсатында станционарлық емес сауда нысандарының қазіргі жағдайы сараланды. Әлемдік тәжірибеге ден қойылып, тиісті жоспар жасалды. Осыған орай, станционарлық емес сауда нысандары сүріледі», – деп жазылды хабарламада.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, мұндай дүңгіршек иелерінің заңды құжаттары жоқ. Сауда нысандары тротуарлардың, газондардың, саудаға лайық емес жерлердің бойына орналасқан және қала тұрғындарының наразылығын туғызып келеді.
«Заңсыз дүңгіршектер өрт, санитарлық эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарына жауап бермейді әрі қаланы абаттандыру ережесіне сай емес. Олардың иелері кей ретте электр желісіне заңсыз қосылып, салық төлемейді», – дейді әкімдік өкілдері.
2015 жылы – 368 нысан, 2016 жылы – 470, ал биылғы жылдың басынан бері 300-ден астам заңсыз дүңгіршек сүрілді.