Алматы. 4 мамыр. 7kun.kz – Алматы қаласында жаңадан алты саябақ ашылатын болды. Оның төртеуі Алатау (Зерделі, Боралдай, Саялы, Өжет шағын аудандарында), біреуі Медеу (Алатау шағын ауданында) және Наурызбай аудандарында ашылады, деп хабарлайды 7kun.kz.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазір қалада аумағы 631,2 гектар болатын жалпы саны 211 саябақ, аллея, сквер бар. Соның сегізінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жаңа саябақтарда балалардың ойын алаңы, спорт алаңдары, демалыс аймағы болады. Қазір саябақтар мен скверлерді күтіп ұстау қиындық тудыруда. Осы мәселені шешу үшін барлық парктерді бақылау мен сапалы қызмет көрсету функциясын «Eco Almaty» ЖШС-не беру ұсынылды», - деп жазды қалалық баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, қала орталығынан шалғай аудандарда серуендеу алаңдарын жасау жоспарда бар. Мысалы, Боралдай саябағы Теренкур бағына ұқсас жасалса, Зерделіде Орталық демалыс саябағы сияқты жастар саябағы болады.