Әлемді өзгерткен үш "алма" болса, соның бірі - Джобстың алмасы. Бүгінде біреулер үшін сапасы келіскен құрылғы болса, енді біріне беделдің өлшеміне айналған Apple компаниясының өнімдері нарықта алдыңғы орындардан түскен емес. 7kun.kz оқырмандарына атақты компанияның тарихын баян ететін дүниені назарларыңызға ұсынады.
Бәрі қалай басталды?
1971 жылы Стив Возняк пен Стив Джобс ортақ таныстары арқылы алғаш рет көрісіп, танысады. Осыдан соң қос Джобс жақын араласып кетеді.
Екеуінің өмірлік көзқарастары ұқсас, екеуі де ақылды, алғыр адамдар. Возняк бала кезінен бері математика пәнін сүйіп оқыған, ал Джобс болса, бір бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын қасиетімен ерекшеленетін.
Мектеп кезінде Возняк электроникаға қызыққан. Ол Джобстан 5 жас үлкен еді.
Олардың бірлесіп жасаған алғашқы құрылғылары - Көк жәшік (Blue Box). Ол қала аралық тегін қоңыраулар жасауға мүмкіндік беретін еді. Әрине, ол заңсыз жасалған. Десе де, осы құрылғы арқылы Джобс мектеп кезінде-ақ ақша таба бастаған.
1972 жылы Джобс мектепті аяқтап, колледжге оқуға түседі. Бірақ, ақшаны "босқа" кетірудің қажеті жоқ деген оймен көп ұзамай оқудан шығып кетеді. Бірақ, сол уақыттарда каллиграфия курстарына барып жүреді. Дәл сол курсты оқығанының арқасында Макинтоштағы түрлі қаріптердің идеясы туындайды.
Осыдан соң Стив Atari-ге компьютерлік ойындар жасаушы болып жұмысқа орналасады. Ал, Возняк болса, атақты компьютер мамандарының бірі болып, Хьюлетт-Пакард (Hewlett-Packard) компаниясында істеп жүрген еді.
Возняк көптен бері Motorola 6800 процессорының негізінде жасалатын компьютердің жобасын қағазға сызып жүрген болатын. Бірақ, ол кезде қаражат қол байлау болған. Нәтижесінде, сәл өзгерістер енгізіп, 6502 негізінде 1975 жылы 20 доллар тұратын нұсқасын жасап шығады. Ол үшін BASIC операциялық жүйесін жазады да, Джобсқа көрсетеді. Екеуі бұл істің келешегі зор екенін түсініп, 1976 жылдың 1 сәуірі күні компанияны тіркейді.
1970 жылдардың басында Atari-де жұмыс істеп жүрген Джобс осы фирманың аға маманы Рон Уейнмен танысады. Таныстықтары достыққа ұласқан соң, Джобс оны компанияға шақырып, табыстың 10 пайызын беретін болып келіседі. Уейн шақыруды қабыл алып, техникалық құжаттарды жүргізіп, фирманың ең алғашқы сауда белгісін жасап шығарады. Ал, Джобс болса тұтынушылар іздеумен айналысады.
Алғашқы компьютерлер
Apple I
Ең алғашқы компьютердің атауы — Apple I болды. Ол MOS Technology 6502 базасында жасалған еді. Атап өткеніміздей, Возняк оны жеке қолданысы үшін жасаса да, Джобс осы істі дамыту туралы ұсыныс айтады.
«Homebrew Computer Club» деген жерде Джобс Поль Террелге алғашқы компьютердің тұсаукесерін өткізеді. Поль Террел сол кезде тарихтағы ең алғашқы компьютер дүкені Byte Shop-тың иесі еді.
Джобстың таныстырылымы дүкен иесіне ұнап, келесі күні ол бір данасына 500 доллардан 50 компьютер тапсырыс береді. Бірақ, Террелдің жалғыз ғана шарты болған - оған тек толық құрастырылған компьютерлер керек еді.
50 компьютерге қажетті радиобөлшектерді алу үшін Джобс достарынан 5000 доллар қарыз сұрап, 30 күндік мерзімге 15 000 доллар несие алады.
Джобс осылайша ойланбастан қарызға белшесінен батады. Рон Уейн болса, өмір көрген, ащы дәмін біраз сезген адам еді. Сол себепті осы іске біразға дейін күмәнмен қарап келеді. 1976 жылдың 12 сәуірі күні ол 10 пайыздық үлесінен бас тартып, орнына бірден 800 доллар беруін сұрайды.
"Джобс - қарқыны қатты адам еді. Мен өмірде сәтсіздіктерге көп ұшырағанмын. Әрі қарай тағы да солай өмір сүргім келмеді", - деді Рон Уейн бір сұхбатында.
29 күн ішінде барлығы бас көтерместен жұмыс істейді. Террел уәдесінде тұрып, ақшасын төлейді. Алғашқы табыс Джобсты бойына сенімділік ұялатып, жігерлендіре түседі. Бірақ, ендігі жоспарларды орындау үшін әлдеқайда көп қаражат керек-тін.
Екі дос инвестор іздей бастайды. Джобс өзінің басшысы Нолан Бушнелге, Возняк та басшыларына айтып көреді. Бірақ, екі жақ та қолдай білдірмейді. Нолан Бушнел Джобсқа Дон Валентино атты кәсіпкерге жолығуға кеңес береді. Ол болса, өз кезегінде Армас Клифф Марккуламен таныстырады. Ол бизнесті өте жақсы меңгерген кісі болатын.
Марккула Джобсқа бизнес-жоспар құруға көмектесіп, жаңадан ашылып жатқан компанияға 92 000 доллар инвестицияны өз қалтасынан салады. Және де Bank of America-ға 250 000 долларға несие желісімен қамтамасыз етеді. 1977 жылдың 3 қаңтары күні Apple Computer ресми түрде тіркеуден өтеді.
Егер Рон Уейн компаниядан кетпегенде, 1991 жылы оның 10 пайыздық үлесі 875 миллион долларды құраушы еді. Ең ауыр кезеңдердің бағамымен айтқан күннің өзінде 150 миллион доллар болар еді.
Нәтижесінде 666,66 доллар тұратын 200 компьютер сатылады. Бағаның мұндай болуына Возняктың қайталанатын сандарды жақсы көруі себеп болған деседі.
1980 жылдар
1980 жыл компания үшін күрделі кезеңдердің бірі болған еді. Ол кезде Apple III жобасының жұмыстары жасалып жатқан еді. Бірақ, жағымды жаңалықтар да болды - осы жылы компания тарихтағы акциялардың ең ірі көлемін орналастырды.
1981 жылдың наурыз айында Возняк жол апатына ұшырап, уақытша жұмысын тоқтатады. Apple III-ке қатысты мәселелерге байланысты Джобс 40 шақты қызметкерді жұмыстан босатады. Тіпті, БАҚ құралдары алдағы уақытта компания мына қарқынмен банкрот болады деген болжам да жасаған.
1983 жылы кездескен қиындықтарға төтеп беруге қауқарсыз Джобс басшылыққа Джон Скаллиді шақырады. Ол кезде Джон "PepsiCO" компаниясының президенті қызметінде еді. 1983 жылдың сәуір айында Джон жұмысын бастап кетеді. Бірақ, екеуінің арасында компанияның мәселелеріне қатысты біраз шиеленістер болған.
1984 жылы Apple жаңа 32 разрядтық Macintosh компьютерін таныстырады. Осы компьютер компанияның бизнесін дамытуға зор ықпал тигізді деуге болады.
1990-2000 жылдар
1990 жылдардың соңына қарай компанияның жағдайы нашарлай бастады. Екі жыл ішінде шығын көлемі 1,86 млрд долларды құрайды. Бұл жағдай 1997 жылы Джобс компанияға қайта оралған соң ғана өзгереді. Apple бірте-бірте өзі үшін тың нәрселер жасап, нарықтағы ықпалы арта бастайды.
2001 жылы компания iPod аудиоплеерін жарыққа шығады. Бұл құрылғы да кеңіне танымал болады.
2003 жылы iTunes Store ашылды. Бұл сандық аудио, видео және ойындар жүктеуге мүмкіндік беретін онлайн дүкен.
2007 жылы алғашқы сенсорлы iPhone смартфондары жарыққа шығады.
2010 жылдар
2010 жыл нарықта iPad компьютерлерінің келуімен есте қалды.
iPod, iPhone және iPad құрылғыларын қолданушылардың саны артып, компанияның қаржылық жағдайы едәуір жақсарады. Тіпті рекордтық пайда алғаш рет осы кезеңде тіркелген. 2011 жылдың тамыз айында Apple нарықтық капитализация бойынша әлемдегі ең қымбат компания аталады.
2012 жылы Microsoft орнатқан рекордты жаңартып, компания акциялары 705,07 долларға жетеді. Капитализация мөлшері 662,09 млрд долларды құраған. 2014 жылдың 13 қарашасы күні Apple тағы да рекорд орнатты - капитализациясы 663,43 млрд долларға жетті.
2014 жылы корпорация өзінің жеке, тағатын құрылғысы Apple Watch-ты таныстырады.
Одан бөлек, компания жыл сайын IPhone құрылғыларын жаңартып қана қоймай, оның ел ішінде кең қолданыс табуына жол ашып келеді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024