Ақмола, Алматы облыстары жайылымдарды басқару жөніндегі жоспар жасамаған - ҚР АШМ
«Nur Otan» партиясы жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдалану мониторингі, суармалы жерлерді игеру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Отырыс барысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров атап өткендей, жайылым тапшылығы мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Заң жүзінде мәселе реттелген – әкімдіктер 2 жыл мерзімге жайылымдарды басқару жөніндегі жоспар әзірлеуі тиіс. Бірақ бүгінгі күні 2020-2021 жылдарға арналған жоспарлар 190 ауданның 98-інде ғана бекітілді.
«Мәселен, Ақмола және Алматы облыстарында бір де бір жоспар бекітілмеген. Жерді пайдалану тиімділігінің мониторингіне келетін болсақ, пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюға тежеуші фактор болып тұрған, 2023 жылдың соңына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторийдің белгіленуі. Пайдаланылмайтын жерлердің 90%-ға жуығы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі», - деді Сапархан Омаров.
Айта кетейік, Алматы облысында жайылым мәселесі өте күрделі. Мысалы: Кеген ауданының шаруалары жерлерін сырттан келген инвесторлар алып қойғанын, қалған жерді әкімдік өз таныстарына бергенін айтып, біздің редакцияға бірнеше рет хабарласты. Мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген шаруалар малды Ақсай, Қарқара ауылдарынан 100 шақырым жердегі Көкпек жазығына апарып бағуға мәжбүр. Бүгінгі отырыста белгілі болғандай жалпы Алматы облысында жайылымды басқару жоспары бекітілмеген.
Кеңес мүшелері 2021-2025 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаны өз алдына бөлек талқылады. Жоба шеңберінде 2024 жылға қарай құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма мен балық бойынша қамтамасыз етілу – 100%-ды, ал қант бойынша 80%-ды құрауы тиіс. Министрліктің ақпараты бойынша 156 инвестициялық жоба 1,1 млрд. доллар көлемінде аграрлық өнімнің қосымша экспортын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысы бойынша Аграрлық кеңес ұлттық жобаны партияның сайлауалды бағдарламасының индикаторларына сәйкес пысықтауды ұсынды. Бұдан басқа, мүдделі органдар бір ай мерзімде бос учаскелер болған жағдайда елді мекендердің айналасында 15 км дейінгі радиустағы босалқы жерлерден қосымша жайылымдар бөлу мәселесін қарауы қажет. Сондай-ақ әкімдіктерге жеке шаруашылықтарға пайдаланылмай жатқан жайылымдарды өз еркімен қайтару бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024