Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Н.Әбдібеков: «АрселорМиттал» қызметкерлерінің еңбекақысы туралы мәселе шешіледі

Н.Әбдібеков: «АрселорМиттал» қызметкерлерінің еңбекақысы туралы мәселе шешіледі

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметкерлерінің еңбекақысы мәселесі бойынша ымыраға келу жолы табылады, деп пайымдайды Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.

«Мұндай жағдай бұрын да болған. 2008 жылдың шамасында да еңбекақыны 30 пайызға қысқарту мәселесі қойылды, дегенмен кәсіподақ ұйымының басшылығымен еңбек ұжымымен келіссөздер барысында өзара оңтайлы шешім табылды - еңбекақы 14 пайызға қысқартылды. Қазір де келіссөздер барысында белгіленетін ымыраға келу жолын табуға болады, деп ойлаймын», - деді Н.Әбдібеков жергілікті телеарналардағы тікелей эфир барысында. Ол жергілікті билік бұл мәселеде сырттан бақылаушы болып қалмайтынына сендірді. «Біздің тарапымыздан осы мәселені қарау барысына тиісті бақылау орнатып жатқанымызды айтқым келеді. Біздің еңбек инспекциямыз бақылап отыр. Егер бұл мәселеде қиыс кетіп бара жатқан жағдай орын алса, әрине, тиісті шаралар алынып, бүкіл осы үдеріс заңды жолына түсуі үшін тиісті шешім алынатын болады, - деп атап өтті өңір басшысы. - Cондықтан да бұл мәселеде қандайда бір толқу болмауы тиіс, деп ойлаймын. Барлығы да заң жолымен өзара шамаға келетін, өзара тиімді негізде шешіледі». Сонымен қатар ол «қазір кәсіпорында жағдай күрделі» деп қосты. «Дегенмен де, барлық тараптың да көңілінен шығатын шешім бар», - деп түйді Н.Әбдібеков. Бұдан бұрын компания баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарланғандай, «АрселорМиттал Теміртау»  АҚ басшылығы 2015 жылғы 1 тамыздан компания қызметкерлерінің еңбекақысын 25 пайызға қысқарту ниетін мәлімдеген болатын. Оның қажеттігі «нарықтағы бұрын-соңды болып көрмеген жағдаймен» және геосаяси мәселелермен түсіндіріледі. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Виджай Махадеван еңбекақыны 25 пайыздық қысқарту экономикалық жақсарту үшін жасалмақшы екенін айтты. Оның айтуынша, бұл қызметкерлерді елеулі қысқартуға балама нұсқа болмақ. «Әзірге нақты цифрлар әлі де талқылану үстінде. Бірақ та 1 тамыздан бастап барлық қызметкерлер үшін еңбекақы қоры 25 пайызға қысқартылатыны хабарланды, бұл 10 мыңдай адамды қамтиды. Әрине, бұл 10 мың отбасының мүддесін қозғайтыны сөзсіз», - деп мәлімдеді В.Махадеван брифингіде. Алайда кәсіподақ еңбекақының ширегін қысқартуға болмайды деп санайды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директорының ресми хатын (компания қызметкерлерінің еңбек ақысын 1 тамыздан бастап 25 пайызға қысқарту ниеті туралы - ред.) біз 28 шілдеде алдық.  Бірақ та біз үшін бұл жаңалық емес - ұсыныс екі апта бойы талқылануда. Еңбекақының ширек бөлігін қысқартуға мүлдем болмайды, өйткені компания қызметкерлерінің табысы онсыз да көп емес. Бұл біздің адамдарымызға ауыр соғады», - деп түсіндірді «Жақтау» металлургтер кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин. ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қолданыстағы заңға сәйкес компания ұжымдық шартты өзгертуге, соның салдарынан кәсіподақтың келісімінсіз қызметкерлердің еңбекақысын 25 пайыз төмендетуге болмайды, деп түсіндірді. Ведомство «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да5s жағдайдың дамуын бақылап отырғанына және компания қызметкерлерінің еңбек құқығын бұзуға жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар алынатынына сендірді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ АрселорМиттал компаниясының құрамына кіреді және Қазақстан Республикасындағы ірі кен-металлургия секторы кәсіпорны болып табылады. Кәсіпорын - өз көмірімен, темір рудасымен және энергетикалық базасымен ықпалдасқан кен-металлургия кешені. «АрселорМиттал Теміртау» құрамына Теміртау қаласындағы металлургия комбинаты, Қарағанды облысындағы 8 көмір шахтасы, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарындағы 4 темір рудасын өндіру руднигі кіреді. Компанияда 40 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ақпарат көзі: Қазақпарат

Похожие материалы