Алматы. 28 қаңтар. 7kun.kz – 26 қаңтарда мәжбүрлеп таратылған «Астана Банкі» АҚ салымшыларына «Еуразиялық банк» арқылы кепілдік өтемақы төлеу басталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төлемдер «Евразия банктің» барлық филиалдық жүйелерінде жүріп жатыр. Бұл шара 2019 жылдың 26 шілдесіне дейін жалғасады.
«Еуразиялық банктің» хабарлауынша, әзірге Қазақстан бойынша салымшыларға 6,1 млрд теңге төленді.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәлімдеуінше, Ұлттық банктің арнайы қорында 40 млрд теңге резервтелген. Таратылған банкке 275 мың салымшының шамамен 40 млрд теңге болатын депозиттері тартылған болатын. ҚДКБ бөлген қаражат таратылған банк салымшыларына өтемақы төлеу міндеттемесін толық қамтамасыз етеді.
Шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтемақы теңгемен төленеді: өтемақының сомасын есептеу үшін 2019 жылғы 9 қаңтардағы нарықтық айырбастау бағамы қолданылады. Атап айтқанда, АҚШ доллары - 373,66 теңге, еуро - 427,80, ресейлік рубль - 5,57, фунт стерлингтер - 476 теңге.
Еске сала кетсек, «Астана Банкі» АҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2018 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен барлық түрдегі банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған болатын.
26 қараша күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Астана Банкі» АҚ-ны мәжбүрлі түрде жою туралы шешім шығарды.