Астанада отандық тауар өндірушілердің «Ұлы дала елі» атты III форумы ашылды
Астана. 28 шілде. 7kun.kz - Форум аясында «Қазақстанда жасалған» атты көрме жұмысын бастады. Сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» атты республикалық байқау-көрмесі де өтеді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Атамекен» ҰКП бірлесе отырып, Астанадағы «Көрме» орталығында «Ұлы дала елі» атты отандық өндірушілердің III форумын өткізді. Отандық тауар өндірушілер мен тұтынушылар арасында ашық диалог алаңында бәсекеге қабілетті болу үшін өнім сапасын арттыру, жарнаманы жақсарту және шет елге шығару мәселесі талқыланды. Форумның басты идеясы - отандық тауар өндірушілеріне ірі сатып алушыларды тарту, өнімді өткізу, сатып алулардағы ашықтықты құру. Бұл мақсатта форум аясында «В2В» форматындағы кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге үкімет жұмысы және заңнамадағы өзгерістер таныстырылды. Биылғы форум жаңа технологиялармен ерекшеленді. Мысалы Jumore.com, Zoodel сынды шетелдік электронды сауда платформалары арқылы отандық өндірушілер тауарларын жарнамалап, тауар жайлы толық ақпарат бере алады. Бұл экспорт кеңістігінің кеңеюіне үлкен септігін тигізеді.
Форум жұмысына «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов, «Атамекен» ҰКП Төрағасы Абылай Мырзахметов, ҚР инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр, қазақстандық кәсіпкерлер, сарапшылар, сауда желілері өкілдері қатысты.
«Біздің шағын және орта кәсіпкерлік саласын қолдауға бағытталған бастамаларымызды «сапа» және «сан» деп сипаттауға болады. Болашақта қызметтерді автоматтандыру деңгейін көтеріп, ұсынатын өнімдер санын арттырып, шағын және орта кәсіпорындар үшін қаржы супермаркетін құрып, микроқаржыландыру көлемін арттырып, бейқаржылық қолдау көрсету аясында кәсіпкерлерді оқытуды жоспарлап отырмыз», - деді форумда сөз алған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.
Форум аясында «Даму» қоры «Қазақстанда жасалған» атты отандық тауар өндірушілердің ІІІ республикалық көрмесін ұйымдастырды. Мұнда 350 қатысушы бір алаңда кездесіп, пікір алмасты. Олардың арасында тамақ өнеркәсібі, құрылыс саласы, жиһаз шығару, киім-кешек, арнайы техника мен құрал-жабдықтар, зергерлік бұйым, кәдесый мен полиграфиялық өнім шығарушы кәсіпорындар бар.
«Біз Қарағанды облысы, Балқаш қаласынан Форумға арнайы келдік. Форум үшінші рет өтіп жатқанымен, біз алғаш рет қатысып отырмыз. «Даму» қоры бізді көрмеге шақырып, үлкен мүмкіндіктер сыйлап отыр. Біз үшін бұл үлкен жарнама және нарықтағы жаңа алаң. Біз 2016 жылы «Үздік тауар» номинациясын жеңіп алдық. Мұндай ірі көрмелер, бізге жаңа мүмкіндіктер сыйлайды», - дейді көрмеге қатысушы «Пульс «Балқаш Нан» ЖШС директоры Янтовская Жанна Александровна.
2016 жылы «Даму» қорының қолдауын алған кәсіпорындар 4 трлн теңгенің өнімін шығарған. Кәсіпорындардан түскен салық көлемі жылына 253 млрд теңгені құрап отыр. Қор бағдарламаларына қатысушылар жылына 26 мың жұмыс орнын ашады. Ал көрсеткіш бойынша ең жоғары – Алматы қаласы. Қалада 604 млрд теңгенің өнімі шығарылып, 38 млрд теңге салық түсіп, 3,7 мың жұмыс орны ашылған.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры биыл 20 жылдық қызметін атап өтпек. 1997-2007 жылдар аралығында «Даму» қоры Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкінің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының агенті қызметін атқарды. Осы уақыт аралғында 2,6 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетіліп, берілген несие сомасы 27,5 млрд теңгені құрады.
«Қазақстанда жасалған» атты көрменің қонақтары ұнатқан тауарын өндірушінің тікелей өзінен алу және тамақ өнеркәсібінің түрлі өнімдерінің дәмін тату мүмкіндігіне ие болады. Көрмеде шеберлік сабақтары, қызмет түрлерімен танысу, бизнес саласында дәрістерді тыңдау сынды шаралар өтеді. Көрме 28 шілде мен 30 шілде аралығында 3 күнге созылады.
Айза Аблаким