Астанада пәтерлерді заңсыз жалға тапсыру туралы жүзден аса хабарлама түсті
Астана. 29 наурыз. 7kun.kz - «Елордадағы қауіпсіздік пен жайлылық» жобасын іске асыру шеңберінде Астана қаласы «Алматы» ауданы ІІБ жергілікті полиция қызметі пәтер иелері кооперативтерінің жұмыскерлерімен бірлесіп пәтерлерді заңсыз жалға беру фактілерін анықтауға бағытталған шараларды күнделікті негізде жүргізіп жатыр.
ПИК жұмыскерлері заңсыз тұратын азаматтарды анықтаған кезде бірден әкімшілік учаскеге бекітілген учаскелік полиция инспекторына хабарлайды. Жыл басынан бері ПИК жұмыскерлерінен полицияның учаскелік бекеттеріне және учаскелік инспекторларға пәтерлерді заңсыз жалға тапсыру туралы 100-ден аса хабарлама түскен.
2017 жылғы 15 наурыздан 1 маусымға дейінгі аралыққа жоспарланған «Учаске» жедел алдын алу шарасын өткізу барысында «Алматы» ауданы ІІБ ЖПҚ учаскелік инспекторлары ПИК жұмыскерлерімен бірге пәтерлерді аралау кезінде алдын ала таратылған мәліметтер бойынша жалға тапсырылған 60-тан аса пәтерді анықтаған.
Сондай-ақ, аталған шараларды жүргізу барысында полиция қызметкерлері мен ПИК жұмыскерлері жалға берушілермен және жалға алушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, пәтерді тапсыру кезінде пәтер иесі мен жалға алушының арасында жазбаша келісімге қол қойып, онда тұратын азаматтарды және олардың тұру мерзімі көрсетілу керектігін айтады.
Келісімнің көшірмесін салық органына тапсырып, пәтерді жалға алған азаматтарды уақытша тіркеуге қою қажет. Сондай-ақ, азаматтармен елорда тұрғындары мен қонақтары жасайтын құқық бұзушылықтардың, қылмыстардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмысы жүргізіледі.